Қазіргі Моңғолияның мекен-жері адамзат баласының өсіп-өнген түп төркін нүктелерінің бірі, ежелгі ғұндар мен түркілердің жұрты. Солардың ұрпағы болушы көршілес ағаш уықты, киіз туырлықты көшпенді қазақ (керей, найман, уақ, арғын, қоңырат) пен моңғол (қалқа, ойрат) халықтары Шыңғыс хан империясының құрамында бола жүріп, көбінесе басты дәстүрлі кәсібі болушы жайылымдық мал түлігінің қам-харекетіне байланысты өріс-қоныс жайымен Орта Азияның ұланғайыр жерінде өмір жасай жүріп, бұл империя ыдырағаннан кейін Шыңғыстың төрт баласының үлесіндегі мемлекеттердің құрамына енген.
Шыңғыс хан дәуірінде ірі мемлекет дәрежесіне көтерілген керей, найман тайпаларының біраз бөлігі ежелгі жұртында, моңғолдардың құрамында қалып, басым көпшілігі Жошының қарауына өтіп, жүре келе Қазақ мемлекетінің құрамына өткен.
Жоңғария атты жойқын күшке айналған ойрат-қалмақтар қалқа-моңғолмен бірде керісіп, бірде келісіп, қазақпен тебісумен бірнеше ғасырды жолға салғаннан кейін шүршіттермен де қырқысып, өз ішінен де жаға жыртысып барып жойылды. Қалған жұрнағы Манж Цин династиясына бодан болды. Қытайда туындаған үстем билікке қарсы саяси-әлеуметтік қозғалыстың орайын пайдаланған қалқа нояндарының ұйымдастыруымен Моңғолия 200 жыл өткенде 1911 жылы тәуелсіздігін жеңіп алғанымен ұлы державаның ықпалынан шыға алмай текетіреспен жүре келе Кеңес өкіметінің демеуімен 1921 жылы Халықтық төңкеріс арқылы азаттыққа ие болды.
«Қанды жорық», «Ақтабан шұбырынды», «Қалмақ қырылған» азапты ғасырларды бастан кешіріп азып-тозған қазақ халқы Жоңғария жойылғаннан кейін екінші жауы Цин мемлекетімен бейбіт бітімге келіп айбынды хан Абылайдың айбынымен бүгінге дейінгі Қазақ мемлекетінің шекарасын«үһ» деп жаны жай тапты. Алайда қазақтың үшінші үлкен жауы патшалық Ресей ірге кеңейтумен ілгерілеп келе жатты.
Осы себеп қосыла келе ежелгі мекенін аңсаумен болған Абақ керей, найман тайпалары 1750 жылдардан бұрынғы кең қоныстарына қарай бет бұрды. Тайпа көсемі Ер Жәнібек (1709-1792 ) бастаған Абақ керей елі Шыңғыс тауынан қоныс аударып Қалба тауында мекендеп тұрып 1785 жылы бас билікті ақсүйектер ұстайтын бұлжымас дәстүр бойынша Әбілмәмбет ханның ұлы Әбілпейіз сұлтанның баласы Көгедай (1772-1824)-ды қалап алып келіп Көкпектіде хан көтерді.
Абақ керей, найман ауылдары бұрыннан аңсаған ежелгі мекеніне жетуге асығып, бірен-сарандап, мал отарлатып болса да Тарбағатай, Алтай, Сауырға қарай ендей түсті. Кейде урианхай, торғауыттардың тегіннен іргелес жүрген қарапайым малшы ауылдарымен келісіп қоныстана бастады. Бұл қарсаңда Шығыс Түркстан, Моңғол да Манж Цин мемлекетіне қарасты еді. Сондықтан Циннің әкімшілік басшылары мен олардан шен-шекпен, ханның қызын алған жергілікті билік иелері моңғол жұртына қостырмай тойтарып, қайтарып тастап отырды. Өйткені Шыңғыс ханның дәуірінде оның жасағы болып бөріні пір тұтып қарулас жүрген қазақ, моңғолдың ержүрек салтаттыларының бірігуі басқыншы өкімет үшін аса хауіпті еді. Дегенмен Абылай ханның тегеуріні мен айласына төтеп бере алмаған Цин билеушілері келе-келе босаңсып, 1760 жылдарға келгенде күрескер ойрат билеушісі Әмірсананы ұстап берсең Тарбағатайды берелік дегенге дейін келді. Ол шарттың орындалмағанына қарамастан қазақ малшылары Тарбағатайға, Алтайға да жетіп, оның күңгей, теріскей беттерінде қыстап, жайлап жүре берді.
Көгедай гүң 1791 жылы Манж Цин патшалығынан «жинго гүң» (генерал губернатор, төбе би төре) лауазым-шенін алып осы тайпаға 39 жыл әділ билік жүргізіп, 1824 жылы барымташылардың түнгі соққысынан қапыда қаза тапты. Қабірі Зайсанда, бұрынғы Көгедай совхозының жерінде.
Көгедайдың билігін тұңғышы Ажы гүң (1797-1867) жалғастырып 43 жыл ел биледі. Ажы адуынды, азулы, әрі айлакер де қайырымсыз қатыгез болғандығы аңыздарда айтылады. Бұрын Көгедайдың тұсында Абақ керейдің он екі руының он екі биі болушы еді, енді оларды жан-жаққа бұра тартқызбай тізгінді мықтап ұстау үшін діни «төрттік» салтын сылтау етіп 1932 жылы билер жиынын шақырып «төрт би» әкімшілік жүйесін орнатады. Үлкен ру деп төрт биді тек Жәдік пен Жәнтекейден тағайындайды. «Біреудің иті біреудің қорасында үрмейді» деген сөз бар қазақта, бір рудың екінші бір рудың биіне бағынышты болғанына наразы болған Шерушінің биі Ақтай Көбегенұлы ашу шақырып, Ажы төренің жағасынан алады. Аюды алқымдап өлтірген алып денелі Ақтайдан беті қайтқан Ажы төре оның қаһарынан қорқып, «Жарайды, онда сен бесінші би бол» дейді. Ақтай бесінші де би болып оның қарамағында қалмай жергілікті урианхай нояндарынан өріс-қоныс, егіндік жер алып руымен бөлек кетеді. «Арқалық батыр» дастанында Арқалық пен серігі Жұбайды урианхайдан жылқы барымталап келуге Ажы төренің өзі жұмсап, соңынан қуғыншы келгенде екі батырды өзі ұстап беріп азап шектіргені туралы баяндалған.
Шығыс Түркстан қазақтары тарихындағы елеулі бір уақиға «Қызылаяқ соғысы». 1865 жылы дүңген, қазақ шаруалар көтерілісінен жеңілген Цин әскерлері жіліншіктеріне қызыл мата байлап Құтыби, Санжыға дейін барып, ол жақтан тиянақ таппай 1867 жылы көктемде Бурылтоғайдың Жылыкөліне келіп, Ажы гүңнен азық-түлік, ат беруді талап етті. Керейдің Жылқышы би Ақтайұлы, Барлам Сабылдықұлы, батыр Көбеш Айтбайұлы мен Дәркен Қазанғапұлы, батыр төре Қожамжар Сәменұлы, Ер Жәнібектің туын ұстаған оның ұрпағы Нәке сынды батыл да батыр азаматтары «бұл зорекер қытайларға ат-көлік, азық-түлік берсек күшейіп өзімізге тиіседі көмек бермей шайқасқа шығып, жерімізден тура қуып салайық» дегенге көнбей төбе би Ажы төре мен төрт биі қытайдан қорқып көмек бере бастаған. Алайда көмекті уақыт ұттырмай бермегені үшін Ажыны қытайлар алдап қонаққа шақырып, аттанарында үзеңгісіне у жағып қоябергендіктен Ажы төре жол үстінде ат-матысен жан тапсырған. Бәтекен Мырзатайұлы, Қарымбек Көбешұлы, Қожалақ Кедейұлы қатарлы батырларын құрбанға шала жүріп бұл шайқаста керейлер жеңіске жеткен.
Қазақтың Абақ керей руларының қомақты бөлігі Алтайдың күңгейінен теріскейіне топ-тобымен ауа көшіп қоныстануы өріс-қоныс мәселесіне байланысты ерте басталған. Шеруші биі Ақтай Көбегенұлы (1793-1856) мен Жәнтекей байы Шәку Есілбайұлы (1789-1863) теріскей бет, қазіргі Баян-Өлгийдің жеріне арнайылап жер шала келіп, қоныс боларлық мекен екенін анықтаған, өздері көш бастап келуге үлгермесе де ұрпақтарына аманат артқаны туралы ел аузында әңгіме бар.
Көгедай гүңнің інісі фуго (тете) гүң Сәмен Әбілпейізұлының мұрагері Қожамжар Сәменұлы (1805-1869) немере ағасы төбе би Ажыдан беделді де ықпалды тұлға, оның орнына Абақ керейге билік жүргізуге лайықты жан еді. Көбеш батыр Айтбайұлы да Ажының төрт биінің бірі немерелес туысы Көкен, оның ұлы Жұртбайлардан қуатты, ел-жұртының қормалы болатын. Әрине мұндай артық-кемдіктің салдарынан қайшылық, өкпе-араздық туындайтыны белгілі. Ақтай, Жылқышылар секілді бұлар Ажы мен оның мұрагері Қасымханның билігін де қош көрмеді. Онымен қоса егіндік молайып жайылым тарайған, күңгей беттің қысы суық, қары көп, теріскей беттің жайлымы мол, өріс-қонысы кең. Қытай жерінде тыныштық аз, 1850-1875 жылдарда төрт-бес соғыс, көтеріліс болды. Қытайда заң қатты, еркіндік шектеулі, ауыр салық меңдете берді. Сол себептермен қазақтың бір бөлігі шеруші Жылқышы, жәнтекей Көбеш, төре Қожамжарлардың көшбасшылығымен түп қопарыла көшіп, кезінде «Қобда бет» атанған қазіргі Баян-Өлгий аймағының жеріне келіп қоныстанды.
Ол кезде Моңғолия Манж Циннің отары, Қобда қаласында Маж Циннің 1762 жылы орнаған әскери әкімшілік, сауда орталығы бар, екі ел арасында шекара жоқ, бұл жердің халқы сирек орналасқан «кең қолтық» моңғол малшылары еді. Бастабында олардан жерді жербасар төлеп, ақылап, жалдап, сатып алып тұрса, кейін Моңғолия тәуелсіздігін алғаннан бастап жерді қазақ қауымына түбеселі иемдендіретін болды әрі жер көлемін бірнеше рет ұлғайтып берді. Бәлки көшпенділік өркениеті, салт-дәстүрі, ұқсас, тілі төркіндестіктен, қазақтың қанына сіңген адал кеңпейілдігінен болар, «Моңғолдар кең жазираға бытырап қоныстанған. Олармен шығыс түріктердің ата тегі бір»-Н.М.Карамзин. Шыңғыс хан ең сенімді әскер қатарына түріктерді алған. Құбылай ханның өз державасының халқын төрт дәрежеге бөліп, азиялық ұйғыр, түркі, араб, парсыларды моңғолдан кейін екінші, шүршіт, кәрістерді үшінші, қытайды төртінші топқа қамтыған дәстүрі жалғасын тапқаны шығар, 1911 жылдан бастап бұл елге еніп келген қытай адамдарын бес рет, орыстарды екі рет мәжбүрлеп шекарадан шығарып тастағанда моңғол халқы мен мемлекеті мұндағы қазақ жұртын бөтен санамаған.
Моңғол жеріне келіп қоныстанған қазақтар мен моңғолдар Цин үкіметіне қарасты болғанымен ірі әкімшілік орталығынан, төбе би төре мен төрт биден жырақта, қыста қар басып жабылып қалатын асудың арғы жағында болғандықтан күн сайынғы алашапқын мен әңгіртаяқтан аулақтап, салық төлеуге де сараңсыған, моңғолдармен араласып-құраласып, басты кәсібі мал шаруашылығы қысы қарсыз, жазы шыбынсыз, жайылымы шұрайлы кең өрісте жатқандықтан ілезде ес жиып, етек жауып, тұрмыс-тіршілігі оңала бастағанын көре алмаған, өз биліктерінен шығып кеткеніне долданған арғы беттегі қытайшыл билер жер дауы, жесір дауын сылтау, Цин әскерін қолшоқпар етіп Қобда бетіндегі руластарына бірнеше рет қоқан-лоққы жасаған.
Соның бірі 1883 жылы Шыңжан Алтайының жауыз билеушісі торғауыт Сарыуаң баласы Шаған кеген Моңғол жеріндегі қазақтарды Алтайдың күн бетіне көшіру мақсатымен Көкенұлы Жұртбай бар қарулы жүз шерікпен Даян көлі жағалауы «Қуүйге» келіп рубасыларын шақыртып, шеруші Жылқышы Ақтайұлы (1826-1890), жәнтекей Асылбек Көбешұлы (1852-1883) мен Бардам Сабылдықұлы (1867-1912), төре Қожамжардың немересі Жәңгір Самарханұлы (1841-1902), қарақас Бітімші Тілеудіұлы (1840-1907), молқы Жуанған (Жота қажы) Майты ұлдарын тұтқындап, арғы бетке қайта көшуін талап етеді. Бұған үзілді-кесілді қарсылық жасаған Жылқышы мен Асылбекті өлім жазасына бұйырып, егер бұл екеуі тірі қалсын десеңдер шеруші руы бір мың қара ат, жәнтнкей руы бір мың ақ атты жеті күннің ішінде тауып қолға салыңдар деп шарт қояды. Кесікті күн толғанда шерушілер мың қара атты жиып беріп береке басы қадірлі биі Жылқышыны босатып алады да, шалғайда жатқан руы ат жинап үлгірмеген Асылбектің басы шабылады. Енді олар Асылбектің інісі Мұрындықты қолға алып елін кері көшіруді талап еткенде халық қаһарына мініп, берекеге келіп, жендеттерге қарсы көтерілгенінен секем алған Кеген, Жұртбайлар олжасын алып, асығыс аттанып кетеді.
Дейтұрғанмен Сүкірбай би Жылқышыұлының (1869-1918) тұсында «семіздікті қой ғана көтеретіні» секілді байып, толықсып тұрған кезінде руаралық, руішілік шен таластырған тартыс, қақтығыстардың туындауы, кейде өршуі «жарылғанды жау алатынын» ескертумен болды.
1911 жылы Моңғол елі бодандықтан босатылып, Боғда хандық үкімет құрылды. Сол төңкерістің жалғасы ретінде осы елдегі қазақтар да қарасты болып келген Қобда өлкесінің орталығынан қытай басқыншылары қарулы көтеріліс арқылы қуылды. Сүкірбай би қытай жағына тартқанымен осы рудағы Қиюбай молла Ақышұлы (1857-1919), Қылаң Қанжығалыұлы (1871-1920) бастаған ұлтжанды азаматтар азат Моңғолияның құрамында болуға ұсыныс жасап 400 отбасының атынан хат жазып қол қойып үкіметке жеткізу арқылы үкімет осы елдегі қазақ қауымын азаматтық қарастылығына алып, иелік мекен-жер беріп, Қылаңды осы елдегі қазақ қауымының бас билеуші әміріне тағайындаған.
Моңғолиядағы осынау толқуда саяси ұпай алу яғни Моңғол, Тибет, Жоңғарияны біріктіріп ірі держава құру мақсатымен Ресейден шығып әлденеше рет келіп-кеткен Астраханьдық қарулы айлакер қалмақ, «да лама» лақап аты бар, қазақтар «Жалама» деп атаған Дамбийжанцан (1860-1922) Қобда шәһарында 1912 жылы болған ұрыста отты қаруларымен ерен ерлік көрсеткені үшін Боғда ханнан үлкен сыйлық, уәлият әмірі лауазым алғанын желеу етіп ойраттардан қалың қол жинап, қуыршақ үкімет құрып, қазақ қауымын да зорлықпен қазіргі Увс аймағына жақын Хандгайт, Торхлогқа қоныстандыру мақсатымен айдайды. Будда пұтханасын салып, балаларды соған жинайды. Елді солай айдай бастағанда кейбір рубасылары оған наразы болып, көш басын басқа жаққа бұрған. Шеруші биі Сүкірбай өзіне қарасты елдің бір тобын алып, Алтай асып кетеді. Қарақас руының Ақымбек бастаған атқамінерлері үдере көшпек болғанда біреулерін атып, бір топ сәбиін туырлыққа орап иен далаға тастап, Ақымбек пен Үмітайды ұстап алып, Сары көл деген жерде тірілей, терісін тұлып қып сойып, тұлыбына шөп толтырып, ту етіп көтеріп, ауылын Хандгайтға қарай айдаған.
Руының басым бөлігін Сүкірбайдан бөліп-жарып алып қалған Қылаң адамдарын Жаламаның қырғынынан аман алып қалу үшін бе, әлде Хандгайт (қазір Тува республикасының жері) секілді ранотты жерге қоныстану дұрыс деп көрді ме, я болмаса Моңғол билеушісі Боғданың сенген адамы Жалама болғандықтан ба екен, соның айтқанына көніп, айдағанымен жүрген. Алайда айдауға түскен көш Үүрэг нуур (Өрікті көл)-ға жетіп ерулеген кезде Көрімбай батыр Қабанбайұлы (1842-1926) бастаған сайдың тасындай азаматтар Жаламаның жендеттерін жалғыз түнде басып алып жайратып тастап, Ресейдің Қосағаш ауданының жері Жазатырға өтіп кеткен.
Көрімбай «қызылаяқтармен» шайқаста «бала батыр» атанған, Соғыстөбе деген жерде 1889 жылы болған руаралық жаңжалда шерушінің туын алып шығып, аты оққа ұшып омақасқанда туды тік ұстап қалған батыр еді.
Жазатырға қоныс аударған ел араға екі жыл салып, қара мекеніне қайта оралды. Бұл кезде арғы беттен Сүкірбай ауылдары да келген. Ал ылаңкес жауыз Жалама ұрыс кезінде қашып құтылып, неше түрлі айламен Ресейге кетіп, Қазан төңкерісінде чекистер тобында болғаны туралы мәлімет бар. Кешікпей ол Моңғолияға қайта келіп, Қытай елімен аралықтағы шекарада бекініп, қайтадан шерік жиып, бүлік салуға ниеттенгенде 1922 жылы Моңғолияның бас қолбасшысы Д.Сүхбаатардың тапсырмасымен Нанзад батыр бастаған қарулы топ қолға түсіріп, басын алған. Ол бас Эрмитажға жеткізіліпті.
1921 жылы Моңғолия бұл біздің иелігіміздегі ел деп еніп келген қытай басқыншылары мен Қазан төңкерісінде қашып шыққан ақбандылардың тартысына түсті. Кеңестік қызыл армияның көмегімен оларды жойып, Халық төңкерісі жеңіске жетті. Сол жылы күздің соңында осы жеңістің жалғасы ретінде Баян-Өлгийдің Тұлба көлі маңында ірі шайқкас болды. Ц.Хасбаатар (1894-1921), Ц.Дамбадоржлар (1899-1934) бастаған моңғол партизан отряды мен қызыл армияның К.К.Байкалов (1895-1956) бастаған полкы осы маңда генерал Бакич, атаман Кайгарадов, Казанцевтар бастаған күші 12 есе артық бандылардың қоршауында 42 тәулік қамалып, осы қоршаудан астыртын шығып кеткен Дәуітбай Тауданбекұлының (1876-1938) Қосағаштағы қызыл армияға хабар жеткізуімен Исаков бастаған 21-дивизия келіп қоршауды бұзып, жауды талқандаған.
Хасбаатар діндар, халық емшісі, әскери басшы, сол шайқаста қаза тапқан. Дамбадорж комиссар, орталық комитет хатшысы тұрғанда саяси жаламен Мәскеуге жер аударылып қаза тапқан. Дәуітбай қазақ уәлиятының озық ойлы хатшысы, 1924 жылы Мемлекеттік 1-Құрылтайға қатысып, КОМИНТЕРН өкілі, социалистік дүниеде ең жоғары лауазымға көтерілген қазақ Тұрар Рысқұловпен кездескен тұлға, ақын, күйші еді. 1938 жылғы саяси нәубетке тартылып, із-тозсыз кеткен. Ұрпақтары іздеу салумен Талдықорған, Үшарал, Тұрпандағы жалғыз бейтті сол кісінің қабірі деп анықтаған. Моңғолиядағы саяси нәубет Сталиннің жөн сілтеуімен жүріліп, билік, байлық иелері, сауатты, саясатшы 30 мыңдай моңғол, 1000-дай қазақты жалмап кеткен.
Моңғолия қазақтарының жан саны 1916 жылдан 1940 жылдарға дейін Қазақстаннан, Шыңжаннан ауып, босып келген қандастармен арта берді. 1921 жылы үкімет 1200-дей қазақ отбасын қарастылығына қосып алды. Жер қосып берді 1920 жылдардан Қазақстаннан сауда өкілі, саясатшы, ағартушылар, кеңесшілер 1990 жылға дейін бір-екілеп, бес-ондап келіп, осы елдегі қазақты дамытуға көмектесті.
Басқа елдерден саяси қысым көрген қазақтар Моңғолия тыныш жатқан ел деп 1970 жылдарға дейін бастабында топ-тобымен, бертінде бірлеп-екілеп келумен болды. 1930 жылы Ресей тарапынан келген 500 адамды екі елдің келісіміне сай кері асырып жіберген. Ал бұл жақта 1930-1940 жылдарда болған солшыл асыра сілтеушілік саясат пен әпербақан белсенділерден зардап шеккендердің дүмпуімен ел әлденеше дүркін Алтай асып, қайта оралды. 1931 жылы қазақ, урианхайдың басым көпшілігі үрке жөнелгенімен азып тозып келесі жылы қайта оралды.
1933 жылы Шыңжаннан 600 отбасы асып келгенімен, келесі жылы оларды шекарадағы ұрлық пен тонаудан сақтау мақсатымен ішкерілете қоныстандырмақ болғанда олар шекарашылармен қақтығысып, кері асып кетті. Ол жаққа да тұрақтай алмай Түркияға дейінгі азапты сапар шекті. 1934 жылы арғы беттен ауып келген Абдан Омбыжанұлы бастаған ауылдар 1938 жылғы жаппай саяси нәубет аяқтала бергенде «ойбай тағы да адамдарды ұстағалы жатыр екен» деген дақпыртпен ауа көшіп, шекарадан атысып өтіп кеткенімен оларды қытай әкімшілігі қайтарып тастаған. Құжырты-Бұлғын жерінде болған асыра сілтеушілік салдарынан 1943 жылы партия, әкімшілік басшылары бастаған ауылдар үрке көшіп, кейбіреуі шекарада атылса да асып барып, екі елдің келісімімен қайта келтірілген. Асып кеткен қазақтар қайта оралғанда үкімет айтарлықтай қамқорлық жасап, басшыларына айып жүктетіп отырған.
1950 жылдардың орта шенінде екі елдің келісіміне сәйкес, бұрын Қытай елінен келген азаматтардың өз отанына қайтуына ұйғарым берді. Ұйғырлардың көпшілігі, қазақтан бірен-саран ғана кетті. 1990 жылдардан азаматтардың әлемдегі қай елге де барып өмір сүруіне еркіндік берілді. Баян-Өлгийде жұмыссыздар аса мол еді. Осыған байланысты аймақ басшылары еңбек шартымен шетелдерге жұмыс күшін шығару ұсынысын көтеріп, бұл мәселе үкімет деңгейінде қаралып жатқан тұста Қазақстан Республикасы Президентінің «Ағайындарға ақ тілек» хаты дүние жүзін кептердей шарлады да «Ұлы көш» Моңғолиядан басталып, бастапқы он жылда бұл елдегі жан саны 150 мыңнан астам (1940 жылы 22700) қазақ қауымының жартысына жуығы байырғы отанына барып қоныстанды.
Осы елдегі қазақ диаспорасының тағдырына Моңғол мемлекеті 1900 жылдар басынан моңғол ұлтынан кем емес айрықша қамқорлық жасаумен келген. Елдегі бір ғана ұлт азшылығы болушы қазақтар жөнінде Моңғол Халық Партиясының 1922 жылы жалпыға жолдаған үндеуінде: «…Моңғолияның басты мақсаттарының бірі-аз ұлттарды ішкі, сыртқы қанаушылардан азат етіп, экономикасы мен мәдениетін дамыту, мемлекетті басқару ісіне ұлт өкілдерін тең қамтып, ұлттық салт-дәстүр, мәдени ерекшеліктерін әрдайым ескеріп, қолдап отыру болып табылады»-делінген. 1922 жылы 10 ақпанда шешім қабылдап, Қобда өлкесіндегі ұлттардың мүддесін қорғап, береке-бірлігін нығайтуға бағытталған осы өлкелік министрлік қасында үкіметтің арнайы өкілін тағайындаса, 1930-1932 жылдарда Ұлы Хурал жанында Ұттар кеңесін құрып, бастығына қазаққа қайырымды жерлесіміз ҰХ мүшесі Тамжидын Сурхбаярды, орынбасарына парламент мүшесі Мұқан Жылыбайұлын жұмыстатты.
Қазақтардың ана тілінде білім, ақпарат алуы, ол үшін Қазақстаннан мамандар мен газет, жұрнал, оқулықтар келтіру мәселесін алға қойып, жүзеге асыра бастады. Осы тәрізді ұлттық саясаттың бірегей біреуі бұрыннан қарасты болып келген Қобда аймағынан бөлініп, 1940 жылы ұлттық Баян-Өлгий аймағының орнағандығы болып табылады. Моңғолияның сол кездегі 18 аймағы ортасынан алғашқы болып Баян-Өлгий ана тілінде аймақтық газет шығаратын болды. Аймақтар ортасынан Баян-Өлгий алғаш рет радио редакциялы, оның ана тіліндегі хабарын тарататын қысқа толқынды станциялы болды. Ана тіліміздегі білім беру, мәдени-өнер, баспасөз, ақпарат салаларының айтарлықтай дамып келгендігі ұлттық құндылықтарымызды қалпында сақтап, рухымызды әрдайым биікте ұстаудың негізіне айналумен келеді.
Бұл аймақ Қобда, Увс аймақтарымен, Ресеймен, ҚХР-мен шекараласады, жер көлемі 45,8 мың шаршы км, теңіз деңгейінен1300-4380 метр, 95 пайызы 1600 метр биіктікте орналасқан. Жері таулы, орманы мен егістігі аз болғанымен анықталған, айналымға түсіп үлгермеген алтын, күміс, молибден, жез, темір, қорғасын қатарлы пайдалы қазбалары аса мол. Тау-тастарында 10 мыңнан астам тарихи, мәдени ескерткіштер, он неше шақырымға созылып тасқа таңбаланған кескін-жазбалар галареясы бар, екі мың жарымдай жыл мұз қабірде бүтін сақталған жауынгер бабамыздың бүтін денесі де осы өңірден табылды.
Моңғолияның жан саны қазір үш миллионнан астам, қазақтар 150 мыңға жуық. Баян-Өлгийде 100 мыңға жуығы, Қобда аймағында 10 мыңнан астамы, өзгелері Улаанбаатар, Налайх, Эрдэнэт, Дархан қалалары мен өзге 19 аймақтың әрқайсысында аздаған отбасылармен тұрып келеді. Аймақ халқының оннан астам пайызын урианхай, тыва, дөрбет, қалқа сүйектілер иеленеді. Қазақтардың дені Абақ керейлер, одан кейінгі орынды Найман, Уақ, Төре иеленеді. Азғана Арғындар және қазақтанған ноғай, ұйғыр, дұңған өкілдері бар. Абақ керейліктер тобының басым бөлігін Шеруші, Жәнтекей, Жәдік рулары иеленуде.
1940 жылдан бергі уақытта Баян-Өлгий аймағының бас билігінде мемлекеттік әкімшілік және партиялық ұйым басшысы болып қандастарымыздан Қаби Бәжіұлы, Ноғай Шымшырұлы, Жеңісхан Дүзелбайұлы, Қашқынбай Мәлікұлы, Құрманхан Мұқамәдиұлы, Ырым Жуанғанұлы, Қабдыл Шәбіұлы, Мусахан Қаматжанұлы, Сарай Асқанбайұлы, Қызырхан Құсбекұлы, Құрметбек Байтазаұлы, Мизамхан Күнтуғанұлы, Мұрат Бұшатайұлы, Мейрам Қадырұлы, Қаржаубай Сартқожаұлы, Нығмет Оңғышұлы, Бәделхан Қабдысіләмұлы, Сайлау Арғынұлы, Ғапсатар Омарұлы, Ержан Қабышайұлы, Қабыл Сәкейұлы, Баян Қыстаубайұлы, Дәрмен Құзыкейұлы, Ләззатхан Бұраңұлы, Ғылымхан Әйіпұлы, Бауыржан Дәлелұлы қатарлы адамдар қызмет атқарды.
Жамила Әпселеңқызы, Ноғай Шымшырұлы, Мусахан Қаматжанұлы Халық Ұлы Хуралының президиум мүшесі, Қашқынбай Мәлікұлы Халық Ұлы Хуралының хатшысы, Тілейхан Орынұлы, Мәулет Ұтқанұлы, Сандалхан Раздықұлы, Бәделхан Қабдысіләмұлы қатарлы осы аймақтың тумалары мемлекеттік министр, Зардыхан Қинаятұлы Министрлер кеңесі және парламент бастығының орынбасары, Сайран Қадырұлы, Сұлтан Тәукейұлы елші министр лауазымына көтеріліп, міндетін абыройлы атқарды. «Өзіңнен ұл тумай құлға жарымайсың» дегендей Тілейхан Орынұлы (1923-1982) 20-дай жыл министр болған кезінде Баян-Өлгийге 1500 жұмысшылы ірі техникалық көмек құрылыс тресін орнатты. Ахмет Жұпбайұлы (1930-2003) Мәдениет министрінің 1-орынбасары тұрған кезінде 100 жұмысшылы баспахана ғимаратын тұрғызды. Бәделхан Қабысіләмұлы (1954) соңғы жылдары Өлгийді бір жаңартты. Әсіресе айпартком бірінші хатшысы болған Мусахан Қаматжанұлы (1929-1977)-ның жүзеге асырған өміршең істері халық жадында ерекше сақталып келеді. Моңғол жұртында: «Қалқаның басына қазақ Тілейхан баспана салып берді, қазақ Қамбар басына білім салып берді, қазақ Хайрулла басының дертін жазып берді» деген әзіл-шыны аралас сөз бар.
Аймақтың негізгі шаруашылығы бес түлік мал және егіншілік. Сауда, өнеркәсіп, туризм салалары соңғы жылдарда қауырт дамып келеді. Мал басы екі миллионнан астам. Саяхат саласының күрт дамуына 400-ге жуық бүркітші, бүркіт тойлары және жергілікті көшпенді ұлт өкілдерінің салт-дәстүрі, басы қар жамылған, баурайында жағалауы жасыл майсалы мәңгі мұз өзені, шипалы арасан сулары бар Алтай Бесбоғда шыңдары ірі себепші болуда. Қазақ құсбегілері арқылы Моңғолия ЮНЕСКО-ның мәдени қорына тіркелді.
Дініміз қайта өрлеп, даму жолына түсті. Бұл өңірде 1860, 1902 жылдарда мұсылман мешіті салынған. 1930 жылдар ортасында мешіт саны оншақтыға жетіп, кешікпей дінбасылары сүргінге түсіп, мешіттер қиратылған. 1940 жылдар басында аймақ орталығы Өлгийде бір мешіт тұрғызылып, 1950 жылдары жабылған. Сол жылдардан діндарлыққа шектеу қойылғанымен бұл аймақтың қазақ қауымында сүндеттелмеген бала, жаназа намазынсыз өлім болмаған, бұл рәсімдер астыртын жүріліп, бұрынғының соңы болған моллалар еркіндікке жетіп, исламдық жаңа ұйымдардың іргетасын қаласты.1920 жылдардан кейін мұндағы қазақтар қажылық парызын өтей алмаған, 1990 жылдардан бастап оларға жол ашылды, мешіт, медреселер орнады. Ғибадатханаларды тұрғызу, медресе ашу, балаларды оқыту, құрбан шалуға Туркия, Арабия, Пәкстан, Германия, Қазақстан және басқа елдердегі дін қарындастар қолдау жасаумен келеді.
Моңғолиядағы қазақтың ер азаматтары осы елге қарасты бола тұра халықтық өкіметтің бастапқы жылдарында әскери азаматтық міндеттен рұқсатталып келді. Өйткені ол уақытта осы елдің жалпы жан саны бір миллионға, қазақтың жан саны 30 мыңға да жетпеген. Адам сирек қоныстанған батыс өлкенің мекен-жері көршілес елдерге кетіп қалмай осы қазақ ие болып отыра беруі керек болды. Сонымен бірге қазақ әскер беруге пейілді емес, көңілі қайтса қазіргі аласапыран, шекара бекімеген кезде қайсыбір жақтағы көршілеріне таман шұбыра жөнелуі ғажап емес. Алайда 1930 жылдарға келгенде елдің батыс, шығыс шекараларына орасан қатер төнді. 1937-1938 жылдардағы саяси нәубетте қыруар азаматы, әсіресе мемлекеттік, әскери қайраткерлер опат болды. Осындай қысылтаяңда 1939 жылы жазда Халхын гол маңында жапон милитаристерімен соғыс басталды. Сондықтан әскер жасындағы қазақ азаматтары осы жылдан бастап жаппай халық армиясының қатарына шақырылды. Сол алғашқы әскерлер борышын шығыс шекарада алты жылмен атқарып келді.
Моңғолияда 1911, 1921 жылдары жеңген төңкерістер мен солшылдардың солақайлық ылаңы, саяси нәубет, Халхын гол шайқасы, 19441-1945 жылдарда кеңестік қызыл армияға ат-көлік, азық жинап жеткізу, ұшақтар мен танктер тарту ету қозғалысы, 1945 жылғы Жанчихү, Жэхэге дейінгі азаттық біріккен майдан, сол жылдардағы батыс шекарада гоминдандықтармен болған қақтығыстарға қазақ азаматтары белсене қатысты. 1943-1945 жылдарда қазақтан Қаби Бәжіұлы (1899-1955. Баян-Өлгий аймағының тұңғыш әкімі) мен Ноғай Шымшырұлы (1902-1974. Баян-Өлгий аймақтық партия комитетінің тұңғыш бастығы) бастаған екі бірдей партизан отряды құрылып, Алтай қазақтарының ұлт-азаттық майданына зор үлес қосты. Елдегі ауыр өнеркәсіптің іргетасын қалауда қазақ азаматтары алғы шепте, халықты жаппай сауаттандыру, мәдениет жорығы, тың игеру, кезінде екінші төңкеріс атанған коллективтендіру қозғалысының көш басында болды. Осы ерлік еңбектері үшін 1960 жылы аймақтар ортасынан Баян-Өлгий алғаш Еңбек даңқы қызыл ту орденімен сыйланған.
Моңғол елі өз ортасындағы қазақ жұртын жат санап шет қақпады, қазақ та бұл елді жатсынған жоқ, туған жерім, отаным деп шын ниетімен беріліп терін төге еңбек етті, жаумен айқасқанда жанын аямай қанын төкті. 1921 жылғы Халық төңкерісі үшінгі күресте рубасы Дөрбетхан Сүкірбайұлы (1896-1921) қатарлы азаматтар ерлікпен мерт болды. 1939 жылы Халхын гол шайқасында ерлікпен қаза тапқан тұңғыш қазақ офицері, рота әмірі Ікей Мәзімұлына (1911-1939) Моңғолияның Батыр атағы берілді. Сол жылдан 1949 жылға дейін барлық шайқасқа қатысып ерлік көрсеткен тұңғыш қазақ генерал ұшқыш, Моңғолия әуе күшінің қолбасшысы болған Мүдәріс (Қамза) Зайсанов (1910-1967) Майдан даңқы қызыл ту орденімен үш мәрте марапатталды. 1947 жылы гоминдандықтармен күнібойы шайқасып сегіз әскерімен мерт болған взвод әмірі Жәнәбілхан Жанбазарұлы Майдан даңқы қызыл ту орденімен марапатталды.
1943 жылы майдандағы қызыл армияға көмек жеткізетін мемлекеттік өкілдер құрамында болып И.В.Сталинмен жолыққан мемлекет ардагері Қашқынбай Мәлікұлы (1918-1986) Моңғол мен Ресейдің орден, медальдарымен сыйланды.1945 жылы Алтайда ерлікпен қаза тапқан партизан отрядының жүзбасы Кәртеңбай Шауқарұлына (1905-1945) губернатор Оспан Исламұлы (1899-195) мен генерал Дәлелхан Сүкірбайұлы (1904-1949)-дарына Халық қаһарманы атағын берді. Майданға қатысқан барлық азаматтардың ерлік еңбегі 1970 жылдардан ескеріліп, сол кезде көзі тірі 300-дей азаматқа «Аға жауынгер», 30-дай ардагерге «Революциялық күрес қайраткері» атақтары беріліп, айрықша құрмет, материалдық қамқорлық көрсетілді.
Моңғолияның еңбекте айрықша зор табысқа жеткендерге Президент жарлығымен берілетін жоғары наградасы Еңбек ері, Халықтық ардагер, Еңбек сіңірген қайракер атақтары. 2007 жылдан бастап бұларға ай сайын 150-200 мың төгрөгтің қосымша жәрдемақысы зейнетақысына қосылып беріліп келеді. Қазақтардан осы елдің Еңбек ері атағы 1959 жылы алғаш рет қой түлігін өсіріп, мемлекетке мол өнім тапсырғаны үшін ауыл шаруашылық бірлестігінің шопаны Нұқ Темірханұлына (1921-2000) берілген. Бұдан кейін шопан Серікбай Жуанғанұлы, Сарбас Нұғыманұлы, Ақан Мүсілімұлы, Байсолтан Әдішұлы, Шәріпхан Тынымханұлы, Сансызбай Иманғажыұлы, Қарай Долдаханұлы, құрылысшы Зәйтін Әрінұлы, кенші Зәлел Нұғыманұлы, Класбай Бәделханұлы, Оқабыл Таңқайұлы, Орнықбай Әміреұлы, Шәкей Рахметұлы, Шәнкей Демеубайұлы, дәрігер Хайрулла Жәлелұлы, Есей Нығметұлы, Нота Әнуарұлы, сауыншы Ұлболған Шегірткеқызы, жүргізуші Солтан Қабдолдаұлы, Шоя Сарғынбайұлы, бақташы Тастыхан Бұқатайұлына осы атақ берілген.
Алғаш 1960 жылы әртіс Қибатдолда Жұмапиұлына Халық әртісі атағы берілген еді, бұдан кейін халықтық бұл атаққа режиссер Моңғолхан Арғынбайұлы, әнші Қабылаш Әбікейұлы, актриса Қайжамал Бақышқызы, жазушы Мағауия Сұлтанияұлы, ұстаз Мекей Әбішұлы, дәрігер Хайрулла Жәлелұлы, Нота Әнуарұлы, Асай Рәмішұлы, жазушы Сұлтан Тәукейұлы, Шынай Рахметұлы ие болды. Сондай-ақ шығармашылық ғылыми еңбегі үшін 1976 жылдан Мәулет Ұтханұлы, Солтан Қайсабайұлы, Саған Қинаятұлы, Нота Әнуарұлы мемлекеттік сыйлық иегері болған.
Моңғолияға еңбек сіңірген қайраткер атағы 1935 жылдан беріле бастаған. Қандастарымыздан бұл атақ алғаш рет 1928 жылы осы елде алғаш ашылған қазақ мектептің шәкірті, 1930 жылдан Мәскеуде КУТВ оқып келіп көптеген шәкіртке білім беріп, 1940 жылы аймақ орнағанда мұғалімдер дайындайтын мектептің (оқытушылары қазақстандықтар болған), өзге де мектептердің меңгерушісі болып ұстаздардың ұстазы атанған Шолтай Себетұлына (1910-1974) 1960 жылы берілген. Бұдан былайғы уақыттаңбек сіңірген атағы қазақтан 19 мұғалім, 12 дәрігер, 12 әртіс, 7 ақын, жазушы, 6 кенші, 11 құрылысшы, 13 экономист, 3 малдәрігері, 2 агроном, 4 сауда қызметкері, 7 өнеркәсіп қызметкері, 3 малшы, 2 зоотехник, 4 механизатор, 3 ғалым, 1 табиғи орта қызметкері, 2 спортшы, 2 бірлестікші, 2 транспортшы, 2 заңгер, 2 жолшы, 2 ұшқыш, 1 байланысшы, 2 даяшылық қызметкеріне берілді.
Осылардың ортасындағы Еңбек сіңірген өнер қайраткері, ел көлемінде «Бурыл терек» атанған ақын, драматург Ақтан Бабиұлы (1897-1973) Моңғолиядағы қазақ жаңа әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, тұңғыш поэма жазған көрнекті ақын әрі айтыс өнерінің дүлдүлі, аймақтық театрдың іргетасына айналған клубты орнатқан алғашқы драматург болды. Аймақтық орталық кітапхана Ақаңның атында.
1940 жылдан бастап осы елде әр салада жоғары табысқа жеткен еңбеккерлерге аудандық, аймақтық, республикалық, салалық саңлақ атағын беру жыл сайынғы дәстүрге айналған. Республикалық саңлақ малшыға диплом, медаль, атақ жазылған лента, ақ отау беріледі. Қазақтар ортасынан республикалық саңлақ малшы 160-тан астам, екі мәрте саңлақ 24, республикалық саңлақ дихан 32 туып шықты.
Моңғолия қазақтарынан тұңғыш рет Қамбар Өмірбекұлы (1921-1986) ғылыми атақ (Мәскеуде, саяси экономиядан) қорғап, партия жоғары мектебінде ғұмырбойы оқытушы болды. Қамбар Өмібекұлы мен Моңғолияның басшы кадрларын ұзақ жылдар дайындаған тұңғыш жоғарғы сол мектепте 11 жыл оқытушы, 17 жыл ректор болып қызметтеген Құрметбек Байтазаұлы (1924-1991)-на 1974 жылы мектептің 50 жылдық мерекесі қарсаңында профессор атағы берілді. Докторлық атақты алғаш Мәскеуде тарихшы Мініс Әбілтайұлы (Партия тарихы институтында ұзақ уақыт тете директор болған. 1930-2012) қорғады. Бұлардан соң физмат Мекей Әбішұлы, экономист Бәкей Ағыпарұлы Моңғолия ҒА-сының академигіне, малдәрігері Мағыш Аятқанұлы корреспондент мүшесіне сайланды. Қазақ профессорлар саны 36-ға, ғылым докторларының қатары 24-ке, ғылым кандидаттары саны 120-ға жетті. Бір сөзбен айтқанда басым көпшілігі ортадан жоғары білімді Моңғолиядағы қазақтарды оқымыстылар диаспорасы деуге болады. Демек бұл нәтиже осы қазақтардың еңбеккерлігі мен оқу-білімге құштарлығында ғана емес, сонымен қатар Моңғол мемлекеті қолдап білім берді және бұл дәрежеге жетуде ұлтымыздың қара шаңырағындағы Қазақстандық зиялылардың көрсеткен көмегі, жасаған жақсылығы ұшан-теңіз болғанын ешқашан ұмытпауға тиіспіз.
Жалпы Моңғолиядағы қазақ қауымының көпшілігі жоңғар шапқыншылығынан кейін Сырдан ауып, 1750 жылдардан Қалбаны баса көктеп Алтайдың күн бетіне, одан 1800 жылдарда теріскей бетіне келіп қоныстанған Абақ керейдің бір бөлігі болғанымен сол көште бірге келген уақ, төре және 1916-1930 жылдардың аласапыранында Қазақ даласынан Шығыс Түркстан арқылы, Ресейдің Шүй бойынан да ауып келген арғын, найман рулы қандастарымыздан құралған. Айталық ақын Шәмел Қалқаұлы, ұшқыш генерал Мүдәріс (Қамза) Зайсанов және Байканов Сүйген (Байжанов Сағидолла), Қарабай (Нұржақып)-тар Шығыс Түркстан арқылы Баян-Өлгий жеріне келіп қоныстанып қалған. Доктор Зардыханның өмірбаянына келсек, Қазақ жерінде туған бабасы Мамырбайға Шыңжанда, атасы Жөнбайға Таулы Алтайда, әкесі Қинаятқа Қобда аймағында, өзіне Алматыда топырақ бұйырды.
Сонау 1750 жылдардан кейін Қазақстан мен Моңғолия қазақтарының ара байланысы 1920 жылдарға дейін анағұрлым алшақтап кеткен. 1800 жылдарда Қазақстан жеріндегі базарларға адамдардың барып тұрғандығы, кейбір аналардың, мысалы Семейдегі туыстарына төркіндеп барғаны туралы аңыз, әңгімелер айтылғаны ғана болмаса нақты дерек жоқ.
Қазан төңкерісі мен Моңғолиядағы Халық төңкерісінен кейін ғана Қазақстанда заманауи өркениетке жеткен іргелі ұлтымыз бар екендігі Моңғолиядағы қазақтарға біліне бастаған. 1924 жылы Моңғолияның тұңғыш Ұлы хуралына қазақтың әйгілі тұлғасы Тұрар Рысқұлов келіп қатысып, шешуші рөл атқарып, Моңғолиядағы қазақ уәлиятының өкілі Дәуітбай Тауданбекұлымен кездескендігі арасы алыстап кеткелі екі ғасырдай уақыт өткенде Моңғолия қазақтарының тарихи Отанында қалған ағайындарымен қайта қауышуының бастамасы болған еді. Барыс-келіс бұл қарым-қатынастың дамуына Моңғол мемлекетінің өз ортасындағы қазақ қауымын ұлттық мәдениеті мен салт-санасын қолдай отырып баурына тарту жөніндегі оңтайлы ұлт саясаты зор ықпал етті. Сөйтіп Қазақстаннан білікті мамандарды шақырумен келтірді.
Моңғолияда жаңа сауда ұйымы «Монценкоп» орнап, Кеңес елінен мамандар келгенде жерімізге қазақ Қосжан Сариев келіп 1928-1935 жылдарда қызметтеп, 1929 жылы Ақкөл жалғастыру базасының негізін салған. 1930 жылы бір перзентті болып, оған Қобда аймақтық партком бастығы Насанбаттың есімін берген.
1930 жылы Коминтерн өкілі Абай Қасымов зайыбы Тәшіңкемен, КИМ өкілі Шәріп Өтепов зайыбы Ділнұзбен жаңа өркениет жаршысы ретінде келіп көне мен жаңаның тартысы ортасындағы ауыр жағдайда саяси, мәдени, ағарту істерін жүргізген. Абайдың бір перзенті шетінегенде оларға Ж.Түркстан мен Б.Күміс Оңалсын (Роза) есімді қызын берген. Ақын Ақыт Абайға өлеңмен хат жазған. Шәріп сол кездегі уақиғалар тақырыбында «Шығыс қызы» повесін жазған. МРЖО-ның 50 жылдығында Улаанбаатарға, Баян-Өлгийге келіп қайтқан.
1931 жылы Бердіғожа Жолтаев, Тілеуберді Қайырбаевтар ұстаздыққа келіп, Бердіғожа Тұлбада мектеп ашып, қолжазба оқулық жасап, Ікей (батыр), Қашқынбай (мемлекет қайраткері)-ларға дәріс берген, Баян-Өлгийде түбеселі қалған. Офицер Кенжебек Рүстембекұлы шекералық комендатурада қызметтеп жүріп, 1934 жылы жаудың қолынан мерт болған.
1940 жылы ұлттық Баян-Өлгий аймағы орнағанда ағарту ұйымына Жұқан Кәдірбеков пен Садық келіп кеңесшілік қызмет жасады. Мұғалімдер техникумы ашылып, оған оншақты оқытушы келді: Жапар Тінәлин мен зайыбы Жәміш, Мұғади Қадыкенов пен зайыбы Ғайша, Ораз Иманәлин мен зайыбы Майнұр, Сәмбет Құрбанәлин, Ғаламжан, Қайролла Молдағалиев Қамзин, Шынықұлов Жомарт, Сейтахмет Есмағамбетов, Қалымтай Бижановтар Баян-Өлгийдің алғашқы мұғалімдерін дайындады. Қарт ұстаз Сәмбет матемкатикадан, Төлеубай тіл, әдебиеттен, Сейтахмет тарихтан, Қалымтай жағырапиядан, Хайрулла био-химиядан сабақ берген. Қазақстаннан 1940 жылдардан оқулық, көркем әдебиет кітаптары, 1960 жылдардан газет жұрналдар мол келіп тұрды. 1950 жылдардан Қазақ радиосының хабарын тыңдайтын болды.
Тілеуберді Сауранбаев (ЕС мұғалім Н.Байлыханның алғашқы ұстазы) пен зайыбы Зейнеп Баяннуурға, Сейтахмет Мақсұтұлы Есмағамбетов (1939 жылы) Құжыртыға, Мұхтар Шүкеев (жазушы Қ.Махфуздың ұстазы, майданға кетіп 1944 жылы қаза тапқан) пен 20 жастағы Рашида Қожахметова (ЕС ұстаз Ү.Ақтышханға дәріс берген) Улаанхусқа, Айдарбек Қайыргелдин Делуінге, Сұлтан Баймұхаметов Ақкөлге, Төлеубай Қордабаев пен зайыбы Күлаш Аққолға мұғалімдікке барған. Олар әуелгі кезекте латын, 1942 жылдан кирил жазуымен сабақ берді. Олар оқытушы бола жүріп алғаш орнаған мәдени, өнер мекемелерінің қаз тұруына үлкен үлес қосты. Қалымтай Бижанов қызметімен қоса «Өркендеу» газетінің редакторы Қ.Махфузға кеңесші болды. Жас мұғалім Ғаламжан (министр Ж.Ахметке дәріс берген) «Қыз Жібек» драмасын дайындап клуб сахнасына шығарған. Оларға Моңғолия өкіметі, халқы разылық білдірді. Тілеуберді, Төлеубай, Сейтахметтерді Алтын жұлдыз орденімен сыйлады.
Жапар Тінәлин кешікпей Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары тұрған кезінде сол кісінің қолдауымен пединститутқа түскенін және Т.Қордабаевтан (Сейт есімді сәбиі 1946 жылы Өлгийде шетінеген) дәріс алғанын Н.Байлыхан естелігінде жазған.
1940 жылдардан айпартком 1-хатшысының кеңесшісі Бейсеке Байтасов, ішкі істер бөлімінің кеңесшісі Меңдікерей, мешіт имамы Лұхпан, аға дәрігер Бәдиша Ниязовалар, 1955 жылдан мұғалім Нұрпейіс Әбділдин, Заманбек, Сұлтанбеков, Манас Кенжекеев, Шәрия Кенжекеева және Уәлилер Қазақстаннан келіп ұстаздық еңбек етті. 1955 жылы Жамал Омарова, Қапиза Әбуғалиева, Шара Жандарбекова, Кларалар келіп өнер тамашалатты. Аймақтық МД театрды 1956 жылдан моңғол өнер шеберлерімен қол қосып қазақстандық Ғабидолла Тастанов, Зоя Жарасбаева, Алдаберген Мырзабеков, Мәлғаждар Әубәкіров, Марфуға Ақмәдиева, Қамар Қасымовтар қаз тұрғызды. Тастанов «Көркемөнер» атты тарихи мақала жазды, Алтын жұлдыз орденімен сыйлады.
1967 жылы көрнекті жазушы Сәбит Мұқанов Баян-Өлгийде құрметті қонақ болды. 1970 жылдардан ұстаз Шәкір Аманов, сауда маманы Алтынбек Түкпірбаев, 1980 жылдарда агроном Лайық Шалдыбаевтар қызметтеді. 1990 жылдардан бастап екі ел аралық қатынас кең ауқымда жүріліп келеді. Осы байланысты өрбітіп, өрістетуге ҚР-ның тұңғыш Президенті Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төрағасы Н.Ә.Назарбаев, қауымдастық төралқасының 1-орынбасары Қ.Найманбаев үлкен рөл атқарды.
1929-1930 жылдан Моңғолиялық Д.Жеңісхан, М.Зайсанов, С.Әжікен, С.Шолтай қатарлы бір топ жастар Мәскеуге барып КУТВ-те, 1941 жылы Т.Дүйсенбі Алматыда режиссерлік курста оқыды.1943 жылдан Баян-Өлгийден Алматыға оқушылар барып, мұғалімдік, дәрігерлік жоғары білім алып оралды. Баян-Өлгийдің қазақ тіл, әдебиет пәнінің мұғалімдері Қазақстанда мамандық игерген. 1955 жылдан басшы кадр Ж.Әбділ, Ж.Ырым, О.Тілейхан, М.Қашқынбай, С.Қабышайлар Алматыда партия жоғары мектебінде білім алған.
Екі елдің аға-бауырлас ынтымағы мен туысқандық қарым-қатынасының ұлғайып, нығая түсуіне Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Моңғолияға екі реткі сапары, Моңғолия Президенті Н.Багабанди, Н.Энхбаяр, Бас уәли У.Хүрэлсүхтердің Қазақстанға сапары үлкен ықпал етті. Осы арабайланысты дамытып нығыайтуға Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті елшілері қомақты үлес қосып келеді.
АСАЙ РӘМІШҰЛЫ, Моңғолияның халық дәрігері және Моңғолияға еңбек сіңірген дәрігер, доктор, профессор
ШЫНАЙ РАХМЕТҰЛЫ, Моңғолияның халық жазушысы және Моңғолияға еңбек сіңірген мәдениет қайраткері.