үй Әдебиет И.Яки: Дарабоз қаламгер (Құрманхан Мұқамәдиұлы туралы)

И.Яки: Дарабоз қаламгер (Құрманхан Мұқамәдиұлы туралы)

Назарларыңызға Моңғолия қазақ көркем әдебиетінің іргесін қалаушылардың бірі, дарынды драматург-жазушы, талантты ақын, тәржімашы және көрнекті мемлекет, қоғам қайраткері Құрманхан Мұқамәдиұлы туралы  жазған Моңғолия Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі ақын-жазушы, сыншы, аудармашы, қаламгер – Яки Илияс-Мұқамәдиұлының мақаласын ұсынамыз.

Құрманхан Шинжанның Алтай аймағының Қарадүргін деген жерінде 1923 жылы кедей шаруа Мұқамәдидің отбасында дүниеге келген. Ол балалық шағын әкесі тәрізді жоқшылық пен кедейшіліктің зардабын тартып, ауқатты адамдардың малының соңында өмірін мұқтаждықпен өткізсе де еңсесін түсірмей, өршіл талабынан таймайды. Ел арасындағы өлең-жырға құлағын түріп, аңсары ауып тұратын елгезек бала болып көзге түседі.

Құрмаш отызыншы жылдардың ортасында отбасымен бірге Моңғолия өлкесіне қоныс аударып, Дэлүүн сұмынына келіп орналасады. Осы кезден бастап жалшылық қомытын сыпырып тастайды.

1938 жылы 15 жасында Дэлүүн сұмындық бастауыш мектебіне оқуға түсті де зердесі ерте оянған, зерек Құрмаш оны небәрі екі-ақ жылда бітірген. 1940 жылы Ховд қаласындағы мұғалімдер дайындайтын курске қабылданып, 1942 жылы оны да үздік бағамен бітіреді.

Құрмаштың әдеби сауаты осы кезде оянады. Моңғол тілін жетік меңгеруге бар ынтасын салып, білімін арнаған ол Монңғолия  мен Қазақстан жазушыларының үздік туындыларымен таныса бастайды. Бұдан кейін 1942 жылы Баяннуур сұмындық бастауыш мектепте ұстаздық қызмет атқарады да, бір жылдан соң аймақ орталығына шақырылып 1943 жылы Ішкі істер министрлігінің аймақтық бөлімінде жауапты өкіл болып жұмыстайды.

1948-1950 жылдары Москва қаласынан чекистер мектебінде оқып, саяси білімін тереңдетеді. Бұл жылдар Құрмаштың өміріндегі аса еске сақталар елеулі жылдар болып саналады. Ол орыс тілінде жақсы меңгеріп, осы ел жазушыларының озық туындыларын оқып, әдеби білімін жетілдіре түседі.

Сіздерді бұдан кейін айтылатын ай, жылдардың тізбесінен жалықтырып алмас үшін сәл шегініс жасағым келіп отыр.

Ол орыстың көрнекті жазушысы, дүниежүзілік көркем әдебиет классиктерінің қатарында аталатын Иван Сергеевич Тургеновтың жастардың құныға оқитын «Дворян ұясы» романында оқыған болу керек. Осы романы арқылы Тургенов Батыс Европаның көп елдеріне даңқы шыққанды.

Сондықтан да М.Әуезов Тургеновтың өзге де үш, төрт романы бола тұра осы романды қазақшалағанды.

Бұл роман Пушкиннің өлеңмен жазылған «Евгений Онегин» романының дәстүрімен жалғас шыққан туынды. Пушкин романындағы Татьянамен қатар «Дворян ұясының» бас кейіпкері Лизада махаббат падишасындай көркем бейне.

Құрмаш осы романдағы Лиза арудың есімін өзінің қызы, келінім Лизаға қойған тәрізді деп ойлаймын.

Құрмаш 1950-1950 жылдың 12-айына дейін аймақтық Ішкі істер бөлімінің орынбасары және аймақтық атқару әкімшілігінің жауапты хатшысы лауазымдарын атқарды.

1950 жылғы 12-айдан 1952 жылдың 8-айына дейін аймақ бастығы, 1952 жылғы 8-айдан 1953 жылғы 6-айға дейін аймақтық Партия комитетінің бірінші хатшысы, 1953-жылғы 7-айдан 1955-жылдың 12-айына дейін қайтадан аймақ бастығы болып қызметтейді.

Ел көлемінде бірлестіктену қимылы өрістеген қарсаңда өз ықтиярымен Улаанбаатарда бірлестік бастықтарын дайындайтын арнаулы курске түсіп, бітіріп келгеннен кейін Баяннуур сұмынында «Гүл» бірлестігін құрып, соның бастығы болып жұмыстайды.

Бұл қызметті 3 жылға жуық атқарып «Гүлді» көркейтіп гүлдендіріп, аймақ орталығына келеді. Мұнда 1958-1964 жылдары Баспа өндірісінің бастығы, газет редакторы, аймақтық кәсіподағы кеңесінің бастығы, әдебиет үйірмесінің меңгерушісі, баспасөз бен әдебиетті бақылау орнының аймақтық өкілі болып қызметтейді. Бұдан соң 1963 жылдың соңғы жартысынан 1964 жылдың бастапқы жарты жылына дейінгі бір жылдың ішінде әдебиет үйірмесінің бастығы әрі «Жаңа талап» журналының редакторы қызметін атқарып тұрып, творчестволық нақты кемелденген кезінде небәрі 41 жасында ауыр науқастан дүниеден озады.

*

Құрмаштың қоғамдық қызметі мен әдеби жолындағы еңбегі жоғары бағаланып, екі рет МХР Халық Ұлы Хуралының депутатына, МХРП Орталық Комитетінің мүшелігіне сайланып, екі мәрте «Алтан гадас» орденімен, «Еңбек құрметі», «Жеңіс» және мерекелік медалдармен марапатталады.

Аймақ еңбекшілері Құрмаштың 50,60,70 жылдығын кең көлемде тойлап, Баян-Өлгей аймақтық «Алтан гадас» орденді Музыкалық драма театрының 60 жылдығына орай осы театрды Құрмаштың атында болғызды.

М.Құрманхан әдеби шығармаларының «Жасыл дөң» жинағы 1960 жылы және «шығармалары» дейтін кітабы 1965 жылы қазақ тілінде, 1970 жылы Улаанбаатар қаласында моңғол тілінде жарық көрді. Шығармаларының толық жинағы 1983 жылы аймақ баспасында басылды.

*

Енді Құрмаштың әдеби еңбегіне тоқталайын. Әдебиет майданындағы алғашқы адымын 1942 жылы өлеңмен бастайды. «Қыс», «Октябрь тойына», «Ұлы Ленин», «Құттықтау» қатарлы өлеңдері 1942 жылы «Өлеңдер» атты жинақта басылды. Құрмаштың ақындығы тек бірнеше өлеңмен өлшенбейді. Оның «Жұмбақ төбелер» операсының либреттосын ақындық сұлу тілмен шебер аударғандығымен де бағалануға тиіс.

Әдеби еңбегінің негізгі кезеңі 1955 жылы басталады. Прозалық жанрдағы туындысын 1954-1955 жылғы қыстың сақылдаған қарлы аязында аймақ орталығынан 350 шақырым Бұлғын сұмынына ат өртеңмен барған сапарында жазған «Жұт алама, жұрт алама» дейтін әйгілі көркем очерктен бастайды. Кәкей талдау еңбегінде Құрманхан бұл очеркті 1955 жылдың наурыз айында Бұлғын сұмынында болып қайтқан сапарынан жазған дейді. Бұл – жаңсақтық. Құрмаш Бұлғынға алғашқы сапарын наурыз айында емес, қыстың қаңтар айында бастаған. Очерк наурыздың 18-інде «Өркендеу» газетінің 1955 жылғы 17-санында басылған. Кәкей осы кезге қарап Құрмаш сапарын наурыз айында бастады деп ойлаған.

Автор «Жұмыртқадай ақ отау, жиһаздары сай отау» очеркінің басында былай деп жазады. «1954-1955 жылдың қысы жұт атағын тағынған бір сүрінкей жылы Бұлғын сұмынына барғаным есімде…Сол жылы «Жұт ала ма, жұрт ала ма» атты мақала жазған едім… «Қытымыр қыс, қызыл шұнақ аяз. Қарт бурадай буырқанып, қақаған қаңтар күндері» дейді. Арықарай: … борт-борт желгеннен басқаны білмейтін борсық жүн торының тырбаңы тыйтығыңды құртып, әбден мезі етеді. Әріберіден соң «еңіреуден екі ат келіп» тізгініңді қарыңа іліп, ат үстінде қолыңды құшынасың» деп қыс қаһарын осылай шынайы көркемдікпен бейнелейді. Құрмаш наурыз айында болса осындай қиыншылықты көрмес еді ғой.

1955 жылы моңғол тілінде тұңғыш рет «Алғашқы қадам» әңгімесін жазады. Бұл әңгіме 1961 жылы «Моңғолия жазушыларының таңдамалы әңгімелері» дейтін көлемді кітапта жарық көреді. Әңгіме тува, орыс тілдерінде Б.Ринциннің аудармасы арқылы жарияланады.

Аударма көркем әдебиеттің бір саласы болғандықтан Құрмаш аудармамен сәтті еңбектеніп, Моңғолия әдебиетінің негізін салушы Д.Нацагдоржының «Жұмбақ төбелер» операсының либреттосын бірлестік басшылары курсінде жүргенде аударған. Сонымен бірге оның «Құсқарасұр», «Ламакеңнің көз жасы», «Жылдың басы – көздің жасы» әңгімелері мен «Менің жерім» өлеңін аударады. Моңғолия мемлекеттік екі реткі сыйлықкер Ч.Лодойдамбаның «Тұнық Тамир» роман-дилогиясының бірінші кітабын, Ц.Гайтовтың «Сүхбаатар» поэмасын қазақ тіліне өз ана тіліміздей түсінікті де, тартымды аударады.

*

Аймағымызда тұңғыш рет 1955 жылы әдебиет үйірмесі құрылып, әдебиетпен әуестенушілер қатарының өсуі, бұл салада жаңа туындылар тудыруға зор ықпал етеді.

Моңғолия Жазушылар Одағының бас хатшысы, белгілі ақын-жазушы Д.Сэнгээнің өзі аймаққа келіп әдебиетпен шұғылданушылардың басын қосып, әңгіме өткізіп, кеңес беруі аймақтық қазақ қаламгерлерінің ұлттық әдебиетін дамытып, шығармалар жазуға құлшындырады. Осы кезден бастап Құрмаш көлемді әдеби шығармалар жазуға шындап шұғылданып «Кезең үстінде» пьессасын жазады. Бұл пьеса көркем әдебиетіміздің ірі жетістіктерінің бірі болды.

1956 жылы орнаған ұлттық театрымыз шымылдығын осы пьесамен ашқан еді. Бұл пьесаға еліміздегі алғаш бірлестіктену қимылы жеңіп, алғашқы бірлестік орнаған кездегі оқиғалар өзек болады.

Бірлестіктену қимылына ілеспей жеке басын күйттеген адамның жағдайын көрсеткен  «Тау қойнауында жеке дара» өлеңі мен рушылдық пен ескінің керітартпа әрекеттерін сынаған «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» комедиясы осы жылдар үлесінде.

Ауыл шаруашылығын коллективтендіру табысты аяқталып, социалистік даму жолына түскен зор жетістікті нығайта түсуді шебер көрсеткен «Жасыл дөң» пьесасы Улаанбаатарда өткен аймақтық өнер онкүндігінде астаналық МД театр сахнасында қойылып, көремендердің ынтасын аударып жоғары бағаланды.

1962 жылы жазылған «Тұлбакөл шайқасы» тарихи драмасы да көремендердің қошаметіне ие болып, Байкалаов, Хасбаатарлардың жарқын образдарын сомдаған туынды. Бұл пьеса Құрмаш шығармашылығының шоқтығы деп бағаласақ асырып айтқандық болмас деп ойлаймын.

Мен драматург – жазушының драмалары мен әңгімелері жайлы талдау жасамаймын. Ж.Кәкей пьесалары жөнінде кең көлемде, теориялық тұрғыда жан жақты жасаған талдауы осы жолғы кітапқа енгізілген болуы керек. Жазушының әңгіме, очерктері жөніндегі пікірім бұл кітапта басылатындықтан арнайы атап өтіп талдауды артық санадым.

Құрмаш баспасөз бен әдебиетті бақылау орнының өкілі болып қызметтегн кезінде 1961 жылғы «Жаңа талап» журналының төртінші санын қоса редакторлап оған әдебиетпен әуестенетін жиырмадай адамның өлеңдерін жариялаған. Сонымен бірге өзінің «1962 жыл» атты публицистикалық көркем мақаласын журналдың бірінші бетіне бастырады.

Мақалада Совет Одағы мен өз елінің 1961 жылда қол жеткізген жетістіктерін нақты мәліметпен айта келіп, 1962 жылда да ерен табыстар күтіп тұрғандығын көркем тілмен бейнелеп былай дейді: «Қалай айтсақта қаламгерлеріміз тамаша тақырыптардан тарықпайды да, оны жырлаудан жалықпайды өйткені оларға өрен қимыл, өршіл талапқа толы өз замандастарының өмірін жырлаудан өзге артық бақыт жоқ». Осылайша қаламгерлерді жаңа туындылар жазуға шабыттандырады, өскелең өмірдің өңірлеріне терең үңіліп, әрдайым оқып, үйрену, іздену жолында болу керектігін ескертеді.

*

Құрмаштың редакторлық қызметіне байланысты бір ғана лебізімді білдіре кетейін. «Мықты редактор түзейді, нашар редактор күзейді» деген сөз тегін айтылмаған. Ол кісі мықты редактор еді. Оған менің «Жаңа талап» журналына басуға берген үш сын-рецензиямды редакторлаған кезінде көзім жетті.

Сын-рецензияларымды өте ыждағаттықпен әр сөз, сөйлемнің тігісін жатқызып, олпы-солпысын ретке келтіріп, шұбалыңқы сөйлемдерді сәл ықшамдап, көркемдігін жетілдіруге мұқият көңіл бөлетіндігі журналға басылғаннан кейін өзіме қайтарған нұсқаларымнан байқадым. Нұсқамның әр жолының арасына оқушының күлгін сиясымен жазылып, маржандай тізілген сөздердің әріп элементтерін көріп таңғалған едім. Менің бұл сөзімді жазушы М.Елеусіздің «Айтылмай кеткен аманат» естелігіндегі «… Мен ондай сұлу жазуды сол кез тұр ғой, әлі күнге дейін ешбір қазақтан кездестіргем жоқ. Құрмаш әріп элементі өте әдемі жазушы еді» деуі айқындай түсті.

Құрмаш әдебиетке бейіні бар жастар мен балаларға көп үміт артып, қолдаушы еді. Соның бір дәлелі «Бала тілі – бал» айдарымен «Жаңа талап» журналының 1964 жылғы бірінші санына он баланың өлеңін жариялапты, соның ішінде төртінші класта оқитын М.Баманның «Мұзда», «Жаз келді» дейтін екі өлеңі де жарияланған. Сол он баланың арасынан Ш.Зуқай, І.Кеңес, Ж.Кәкей, Қ.Бамандар ғана болашақ қаламгерлер санында қалды.

Аудармалары:

Құрмаштың көркем аудармасы жөнінде біраз аялдап өтуді жөн деп ойладым. Өйткені көркем аударма автордың төл туындысы болып саналады. Құрмаш аударма туралы жарық көрген М.Әуезовтың «Көркем аударманың кейбір мәселелері» дейтін «Уақыт және әдебиет» кітабындағы мақаласы мен Әбен Сатыбалдиевтің «Көркем аударма мәселелері» туралы «Рухани қазына» кітабын және «Орчуулах эрдэм» атты Моңғолия ақын-жазушыларының, ғалымдарының біріккен жинағының ешқайсысын естіп, көрмеген кезде аудармаларын жасаған.

Әбен Сатыбалдиев «Рухани қазына» кітабында: «Аудармашыға қойылатын ең бірінші талап, ол екі тілді де барынша жақсы білуге тиіс. Оның үстіне тіл сырын, сөз мәнін, көркемдіктің қадірін білетін, өмірге суреткерлікше қарай алатын, қиялы ұшқыр, ойы терең, ақындық, жазушылық дарын иесі болуы керек» дейді.

Міне Құрмаш осы талап үдесінен шыққан дарабоз қаламгер. Аударманың үш түрі: «сөзбе-сөз» аударма, «еркін» аударма, «балама» (реалистік) аударманың көркем аударма теориясы бастапқы екеуін «сөзбе-сөз», «еркін» аударманы теріске шығарып ұйғармайды, тек «балама» аудармамен аударуды жөн санайды. М.Әуезов осы көзқарасты ұстанады. Ол И.С.Тургеновтың «Дворян ұясы» романын қалай аударғаны жөнінде былай дейді: «Мен ең алдымен романды дәл аударуға тырыстым. Тек дәл аудару ғана үлкен жазушының тіл, стиль, сөйлем ерекшеліктерін бере алатын болады, бұл жөніндегі дәл аударма дегенді мен сөйлеміне сөйлем орай етіп аудару деп түсінемін. Сондықтан қанша ұзын болса да, романның өзіндегі сөйлем үзіліп, бөлшектеніп, бірнеше сөйлем болып берілмейді. Сөйлемін дәл беру жазушының стилін дәл беруге себепші болады». (М.Әуезов «Уақыт және әдебиет» 1992 ж)

Құрмаштың көркем аударма саласындағы ең алғашқы туындысы Д.Нацагдоржының «Жұмбақ төбелер» операсының либреттосын аударудан басталған.Ол бұл либреттоны қазақ өлеңіндегі сегіз түрлі ұйқастың «кезекті» ұйқасын, жеті түрлі буынның төртіншісін немесе сегіз буынды таңдап алып аудару тәсілін қолданған. Өлеңдегі ырғақ буынмен үндес. Өйтсе өлеңді өлеңге айналдыратын бірден бір күш, құрал буын екендігін аудармашы берік ұстанады. Құрмаш операдағы дуэтті былай деп тәржімалаған:

Ижилдээ хоёр шувуу шиг,

Ижилдээд хоёулаа сууя.

Ингэж суухаас илүү,

Жаргал хаанаас байх вэ.

Сүйгеніне қосылу,

Бақытты жанға лайық.

Жұбымен өскен аққудай

Бірігіп тұрмыс құрайық.

осы шумақтағы 3,4 тармақты басына келтіріп аударуы үйлесімділік, мағыналық пен көңілге қонымды екпін түсіріп тұр. Нацагдорж «ижил хоёр шувуу шиг» деп жай құс десе Құрмаш «жұбымен өскен аққудай» деп аққудың махаббат символы екендігін дәл тауып көрсеткен.

Юндэн: Аав, ээжид чинь хэлэхүү дээ

Ах, дүү чинь юу гэх бол

Аян жинд явж

Авах юмаа төхөөрхүү дээ.

Ата, анаңа ақыл салайық,

Берсе ықылас алайық.

Ағайын бар, туыс бар

Алдынан өтіп шығайық.

Бұл шумақтың бастапқы екі тармағын аудармашы қазақша төрт тармаққа бөліп орналастырған.

Аян жинд явж

Авах юмаа төхөөрхүү дээ –

деген бастапқы екі тармақ мағыналық жағынан үйлеспей, өз алдына жеке дара тұрғандықтан аудармай кеткендігі дұрыс шешім болған.

Берсе ықылас алайық.

Алдынан өтіп шығайық –

деген екі тармақты еркін аударма тәсіліне лайықтап аударуы айтар ойды айқын білдіріп тұрғандығымен ерекшелікте болған.

Нансалмаа:Төрөл садан ч яах вээ дээ

Миний жаргалыг хорихгүй

Төвлөсөн сэтгэл чам дээр шүү

Тэр аяндаа зөвшөөрнө.

Амраг сэтгэл гэдэг чинь

Арилгаж болдоггүй юм байна

Аяндаа түргэн явахыг

Өдөр, шөнөгүй хүлээе.

Бұл екі шумақты былай аударған:

Ата, анам сөзді бұрмайды,

Бақытыма ара тұрмайды.

Ынтызарым бір сенде,

Басқаны керек қылмайды.

Қиын екен ғашықтық,

Оттан, судан таймайды.

Қалаға барсаң тез орал,

Таң атып, күн батпайды.

Мұнда түпнұсқаның стилін сақтай отырып, мағыналық тұрғыда дәлме, дәлдікпен көркем аударған.

«Арилгаж болдоггүй юм байна» деген тармақты ғана «оттан, судан таймайды» деп еркіндікке салуы көңілге қонымды шыққан.

Юндэн: Хайртай сэтгэл нийлсэн хойно

Хариад бушуухан ирье.

Хамаг яриа тохирсон хойно,

Гарахаас өмнө уулзъя.

Тағдыр саған қосылған,

Басқаға көңіл бұра алман.

Қайтадан тез оралам,

Мен де сенсіз тұра алман.

Моңғолшадағы «Гарахаас өмнө уульзя» деген тармақ бастапқы үш тармаққа мағыналық жағынан үйлеспей, ұйқассыз тұрғандықтан оның орнына «Мен де сенсіз тұра алман» дегенді келтіруі ғашық жанның ішкі сезімін күшейте түскен. Еркіндіктің де еркіндігі бар деген осыны дәлелдейді.

Юндэн: Урлаад өгсөн алчуурд чинь

Аягаа хийгээд зүүе

Үзэж, харах бүрдээ

Энхрий чамайгаа дурсана.

Кестелі жібек орамал,

Тостағанымды орайын.

Орамалда көргенде,

Көргендей сені болайын.

Түпнұсқаның екінші тармағындағы «зүүе» сөзі қазақша баламаға сәйкеспейтіндіктен оның орнына «орайын» сөзін қолдануы айтар ойды айқындай түсіп, өлең ырғағын үйлесімді болдырған.

«Урлаад өгсөн алчуурд чинь». Бұл тармақты қазақша баламаға сәйкес «кестелі жібек орамал» деп көркемдікпен жырлауы аудармашының шеберлігін дәлелдейді.

Хоролмаа: Зальхай этгээдт нийлж,

Залуу чамайг мартсан шүү.

Богтолж авах хүүхэн чинь,

Балгантай нөхцөөд явсан шүү.

дейтін шумақты еркін аударма талабы бойынша былай деп тәржімалаған.

Некелі жарың бұзылған,

Айтқан сертін ұмытқан.

Балганға барып қосылып,

Сенен көңілін суытқан.

Мұнда түпнұсқаның мазмұны, автордың стилі толық сақталған.

Юндэн: Хатсан газарын хөрсөн дээр,

Цэцэг тарьсанч ургахгүй.

Харласан сэтгэлийн дотор,

Алт цутгасанч цайрлаггүй.

Қатқақ жерге гүл шықпас,

Мәпелеп қанша ексең де.

Жабырқау көңілім жарқ етпес,

Алтыннан айшық етсе де – деп түпнұсқадағыдан әлдеқайда көркемдікпен аударылуы аудармашының асқан шебер, ойлампаз дарын иесі екендігін паш етеді. Қатқақ жерге гүл шықпайтындығы белгілі жайт, «мәпелеп қанша ексе де» деген тармақты еркін алуы қатқақ жерге гүл шықпайтындығын тіпті айқындай түскен.

Нансалмаа: Зөөлөн салхи найчаад,

Цэцэг навч нь ганхана.

Цээжин дэх үгээ хэхэд

Чихэнд минь аятайхан сонсогдно.

Баяулап самал жел соқса,

Шөптің басын иеді.

Шын жүректен шыққан сөз.

Құлаққа жайлы тиеді.

Түпнұсқадағы «чихэнд минь аятайхан сонсогдно» деген он буынды тармақтан болып өлеңнің ырғағы бұзылған. Оны сегіз буындық өлең тармағына сәйкестіріп «құлаққа жылы тиеді» деп аудармашы оқуға, айтуға жеңіл тартымды етіп аударған.

Шындығын айту керек Д.Нацагдорж қаншама Моңғолия көркем әдебиетінің классик қаламгері болып аталса да Құрмаш аудармасы түпнұсқадан әлдеқайда көркемдік шеберлікпен аударылған десем артық бағалағандық емес.

«Шынайы балама аударманың өзінде де белгілі дәрежеде еркіндік болмаса болмайды, олай етпесе аударма сөзбе-сөз, жолма-жолдыққа апарып соғады да, оқуға түсініксіз, тілге оралымсыз болып сіресіп қалады» деген Әбен Сатыбалдиевтің сөзін Құрмаштың кейде еркін аударуы растайтындығына жоғарыда келтірілген мысалдарымыз дәлелдейді деп ойлаймын.

Прозалық аудармасы:

Құрмаш прозалық аудармасында поэзиядағыдай көп еркіндікке бармайды. Өйткені прозалық аударма поэзиялық аудармадан гөрі жеңілдеу болады деп ойлаймын. Прозалық аудармада М.Әуезов айтқандай балама аударма тәсілімен дәлме-дәлдікті көбірек талап етіп, сөзіне сөз, сөйлеміне сөйлем тауып аударуға мүмкіндік молырақ.

Ал поэзиялық аудармада өлеңнің ұйқасын тауып, ырғақ заңдылықтарын сақтау талап етіледі. Аудармашы Д.Нацагдоржның «цагаан сар, хар нулмас» деген әңгімесінің тақырыбын «Жылдың басы, көздің жасы» деп, «Цагаан сарды» жылдың басы екендігін білгендіктен осылай сөзіне сөз тауып ұйқастырып шебер де, көркемдікпен аударуы осының дәлелі. Мұны еркін аударма деуге болмайды.

Құрмаш көп ойланып, толғанып, сан рет ой елегінен өткізіп барып аударатындығы төмендегі шығармалар тақырыбының өзінен аңғаруға болады. «шувуун сарал», «учиртай гурван толгой» деген монголша атауды «құсқарасұр», «жұмбақ төбелер» деп аударуы дәлел. «Жұмбақ үштөбе», «Құссұры» деп сөзбе-сөз аударса сіреспе аударма болып көңілге қонымсыз, айтылуы ауыр болар еді.

Сұры түске «қара» тіркесін қосып, «Құсқарасұр» деуі «сұры» сөзіне ерекше екпін түсіріп жеңілдеткен.

Нацагдоржның аталмыш «Құсқарасұр» шағын новелласын тіпті түрлендіріп аударған. Новелланың аяқталуындағы мына бір сөйлемді қалай аударғандығын монголшасымен салыстырып көрсек: «Зүүн гэрээс Сүнжидмаа гарч, нохой хорих бөгөөд, хасын царай нь хав харанхуйн дунд туяа тусгана» осы сөйлемді «үйден ит қоруға шыққан Сүнжидманың айдай жүзі түнгі түнекті түріп жарқ етті» деп көркемдікпен айшықты етіп аударыпты.

Әдебиет теориясының «Әдеби тіл – жай тіл емес, көркем тіл, демек сұлу сөз» деуі Құрмаштың осы сөйлем аудармасында айқын көрініс тапқан. «Зүүн гэрээс Сүнжидмаа гарч, нохой хорих бөгөөд» деген сөйлем газет тілінен айырмашылығы аз. Осыны Құрмаш «үйден ит қоруға шыққан Сүнжидмааның» деп ықшамдап көркем аударған.

Құрмаш прозалық аудармада түпнұсқаның сөз, сөйлемін қуаламайынша жазушының стилін, сөз мәнін, сырын жеткізу мүмкін еместігін аңғарып, «Тұнық тамыр» романының аудармасын көркем аударманың үшінші түрі балама аудармасы тәсілімен тәржімалауға көңіл бөлген.

Аудармашы екі тілді де жетік білетіндігін осы романдағы қазақ, монгол тілдерінде ұқсас мағынада қолданылатын мақал-мәтелдерді дәл таба білгендігін растайды.

Романда отыздан астам мақал-мәтел, идиомалар бар. Осының барлығында мазмұны мен формасын сақтай отырып, қазақ тіліндегі баламасын дәл тауып орналастырған.

«Батар хүн нэг суманд, баян хүн нэг зуданд» деген мақалды «Батыр бір оқтық, бай бір борандық», «үхсэн буурын толгойноос амьт ат айна» мақалын «Өлген бураның басынан тірі атан қорқады» деп дәлме-дәл алған. (роман 79-бет)

Сондай-ақ романда кездесетін идиомалар (айрықша, айшық) да мазмұны мен формасы бірдей сақталып дұрыс аударылыпты.

Әдебиет теориясы идиомалар жөнінде былай дейді. «Идиома терминге қарама қарсы, терминде бір тілден екінші тілге оп-оңай көше салатын болса, идиомаларда өз тілінен өзге тілге аудару қиынның қиыны. Сондықтан бір тілдегі идиоманың екінші тілден тек идиомалық баламын іздеп табудан өзге аудару жолы жоқ» (Сөз өнері 218-бет) бірер мысал келтірсек:

«Дэмий суухаар тэмээ харуул» «Қарап отырғанша түйе қайыр» (роман 90-бет)

«Ямаа туйлаад янгиа эвдэхгүй, тэмээ туйлаад тэнгэрт хүрэхгүй» «Ешкі тулап ыңыршақ шақпайды, түйе тулап көкке шықпайды» (роман 98-бет) «Өшөөлтөй хүн даваан дэр, өртөй хүн зээл дээр» «Қас дұшпаның кезеңде тосады, алымсағы бар базарда тосады» (роман 165-бет), «Саваагүй нохой саранд хуцна» «Дарақы ит айға дарақтайды» деген тәрізді идиомаларды дәл тауып үйлесімді түрде аударған. Аудармашы романдағы синоним, омоним сөздерді де дұрыс тауып, орынды қолданған.

Романда отыздай жергілікті диалектер мен ұлттық шеңберде қолданылатын және діни атаулар бар. Мәселен «арз, хорз, гандай, боодог, отго, сойвон, орхимж, банди, хүж, бадарчин» т.б осы тәрізді түбір сөздің барлығының атауын, мағынасын іздестіріп тауып кітап бетінің аяғына сиоск беруге Құрмаш көп уақытын сарп еткені күмәнсіз.

Романдағы күрделі құрмалас сөйлемдерді бөлшектемей, тыныс белгілерін дәл қойып, сөзіне сөз, сөйлеміне сөйлем тауып қазақ тілі заңдылықтарына сәйкестіріп шеберлікпен тәржімалаған. Алайда, аудармашы күрделі құрмалас сөйлемдердегі кейбір балама табылмаған сөздерді кейде аздаған еркіндік пен балама аударманы ұштастырып аударатындығын жоққа шығаруға болмайды.

Нағыз творчестволық еркіндік дегеніміз түпнұсқа шеңберінен шықпай, автордың стилін сақтай отырып, роман аудармасын оқуға жеңіл, тартымды аудару болмақ. Құрмаш аударманың осы жағын бекем ұстанған.

*

Сөз реті келгенде айта кетейін «Тұнық Тамир» роман-дилогиясының екінші кітабында жоғарыда атап көрсеткендей түсініксіз атаулар кездеспейді, мақал-мәтел, идиомалар да көп емес. Сондықтан бұл кітапты аудару – Боман Құрманханұлына көп қиынға түспеген тәрізді. Екіншіден Боманның «монгол тіл, әдебиет» маманы болғандығы да екі тілді бірдей білуіне игі ықпал жасаған. Папасының стилімен Баман да дилогияның екінші кітабын сәтті де, көркемдікпен аударыпты. Бірер идиома, қанатты сөздерді де шебер аударған. «Боз үйде Богда, қара үйде Ханша», «Жылдың басы байға ырысты, кедейге қырсықты», «Құтырған есек құйысқаншыл», «Жазалы адам жалтақой». Осы тәрізді қанатты сөз, сөйлемдер аудармасы нақты дәлел.

*

Сайып келгенде Құрмаштың іскерлік, іздемпаздығы, жазушылық, ақындық, аудармашылық қабілеті, адамгершілік асыл қасиеті оны қадірлейтін баршаға, ізбасарларына, ұрпақтарына мәңгілік үлгі, өнеге болып, жаңғырып, жарқырай бермек.

Моңғолия Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі ақын-жазушы, сыншы, аудармашы, қаламгер – Яки Илияс-Мұқамәдиұлы.

Астана қаласы, 2023-жыл.