үй Қоғам Халық перзенті

Халық перзенті

Мейірбан анасынан қабырғасы қатпаған бес-ақ жасынан айырылып қалған Асай Қобда өзен жағалауындағы көкмайсада жалаңаяақ тызақтап,әредік өзеннің асау толқын,албарынды ағыстарыныа телміре қарап тұрып: «Осы өзеннің арнасын жағалай жүгірсем Өлгей шәріне жете алар ма едім. Ағаларымның соңынан ілесе барып, менде мектепке барып сабақ оқысам екен» деп қиялдайды екен.
Бала қиял, балдай тәтті арман оны Өлгей тұрмақ Улаанбаатардан бір-ақ шығарарын ол кезде сәби қайдан білсін. Тәңір қосқан жарынан кейін бір қолдың бес саусағындай бес жетім ұлын жетелеп қалған әкенің: «Жетім қозы маңырар, маңырыр да оттығар» деген қарақтарым. Жас өседі, жарлы байиды, жетім жетіледі. Ақыл білімді ардақ тұтып, ата баласы емес, адам баласы азамат болыңдар» деген асыл аманаты оның құлағына құйылып, зерек зердесінен ойып орын алғанды. Әкенің ақыл-өсиетін бұлжытпаған балалары да талаппен қанаттанып, білім сапарына аттанды. Ізденіп қарманбайынша әкенің ақыл аманаты ақталмас дегенді көкейіне түйген ойын бақпады ой бақты.
Сөйтіп 1969-жылы Улаанхус орта мектебін, 1971-жылы Өлгей қалалық бірінші онжылдық мектебін бітіріп, медицина жоғары мектебіне жолдама алды. Дәрігер дейтін мамандық оған бөліс бойынша сыбағасына тие салған кездейсоқ үлес емес-ті. Қаршадайында анасын өзінен айырып аңратып кеткенде «Әттең ауру, әтең ажал, бәлем сені ме?» деп еңірей отырып, «Ендігі ісім сенмен болсын!» деп жұдырығын түйіп тістенген болатын. Сол ажалға кектеніп баланы жетімдіктен, ананы ажалдан арашалауға өзіне өзі іштей серт берген. Оңай болған жоқ, он неше жыл бейнет кешуінен өтіп, ақыры ойлаған ой орындалудың сәті келді, қалаулы мамандығын игеруге қадам басты. Алайда бір сүріндірсе қыр соңынан қалмай қырық сүріндіретін кедейдің қырсығы, жеті қаңтаруы даңғыл жолды қалай сыйлай қойсын, екінші курсте оқып жүрген кезінде армияға шақырылды. Иә, жауынгер болып отан қорғау қорлық емес ер азаматтың ісі, парызы әрі мақтанышы.
Бірақ «жарлының аузы аққа тисе мұрны қанайды» деп сүйікті мамандығын жанын сала үйрене бастағанда жол ортада оны үзіп тастап кетк беру, аралыққа үш жыл тастау ауырлық емей немене. Азаматтық міндет деп шақырған соң бітті, сылтау іздемеді, бәзбіреулерше бұл кедергіден құтқарып қалатын жанашыр да іздемеді. Іздегенімен жоқ. Бастықтар, байлар, бағландардың қашанда асығы алшы, құмалағы төрттен. Олардың балалары, жанашыр жақындары әскери сұры шекпен иығына іліп көрген емес. Дәлірек айтқанда Моңғолияның қарулы күшін осы елдің малшы, жұмысшы, кедей-кепшік балалары толтықтрып келе жатыр десек ағаттық болмас еді. Дүбір думаны толастамайтын астана қаланы, білімге ынта ықыласымен берілген студент достарынан аулақ кету қимас сезімге тіреген еді. Ежелден қиын түйінге айналған қиыр шығыстағы Сулинхээр даласы «барса келместей» аңырап құлазып жатқан. Дегенмен «басқа түскен баспақшыл» бұған да көндікті. Сағым ойнаған кең даланың өзіндік сән-салтанаты, ертегідей табиғаты бар, сайдың тасындай шегерашы жас жасақтардың да жан тебірентер жалыны, өзіндік қайғысы мен қуанышы бар екен. Солармен етене араласып, тоғызыншы отрядта міндетін абыройлы атқара жүріп, қолынан кітабын да тастамай өмір мектебін қабат оқыды.
«Ізденген жетер мұратқа», үш жыл осылай үзіліс жасап, 1976-жылы оқу аудиториясына қайта оралды. Осы орайда адамгершілігі зор абзал достардың қайырымдылық қасиеті еріксіз еске түсті. Солардың бірі Ауыл Шаруашылық Институтының студенті, еркін күрестің мемелекеттік сұрыптық команда спортшысы Одынай ұлы Бақыт досы оның сүйген ғашығына жанашыршылық жақсы жәрдем бере жүргенін ұмытқан емес. Асай мен Бақыттың тонның ішкі бауындай достығы содан беріде үзілген емес. 1980-жылдың жазы оның өмірнмасының елеулі кезеңдерінің бірі: «Адамның аға дәрігері» деген диплом құшақтап, кеуде кернеген қуанышпен туған топырағына келді. Оның алдынан және бір қуаныш күтіп тұрған. Екеуі тұрмыс құрып оңаша отау көтермекке уағда байласқан. Дегенмен ойлағаныңа жазымыш көне ме, мемлекеттік университетті құрылыс инженері-конструктор мамандығымен бітірген К.Кәсиранның қызыметтік қажеттілікке сай Құрылыс минстрлігі астана қалада алып қалып, мемелекеттік құрылыс сурет-жоба институтына тағайындады да, Асай дәрігерге аса зәру болып келе жатқан Буянт сұмындық аға дәрігер бөлімшесін басқаруға тағайындалды. Осылайша халықтың денсаулығы жолындағы мәртебелі ісін бастауыш буыннан бастап, өмірдің екінші универсиетіне қадам басты. Жуынгерлік міндетте, дәрігерлік кәсіпте де алғы шептен шегінбей отан, халық қалауына сәйкес қай күрделі нүкте болса сонда барды. Он бес төсекті ауруханаға 1980-жылы түрлендірген кабинет, әр салалық маман, жабдықталған зертхна да жоқ, жаурап тұрған. Аға дәрігер меңгерушінің өзі мен бірге кіші дәрігер екеу ғана. Жұмыс қарбалас, алды-жұтты мәселе шаш етектен. Келетіндер болса денсаулық жөнінде мағұлматы жоқ қарабайыр малшы қауым. Осындай кезде аға буын кіші дәрігер мен күтушіден де көп көріп көп нәрсені ұғады екенсің.
Салт басты, сабау қамшылы, қонақ үйде жалғыз жатып не бітірмек, уақыттың көбісін ауруханада өткізеді. Мұнда келмейін деседе лажы жоқ, қыр елі қызымет уақыты дегеннен бейхабар, кәрі жас ер-әйел сырқаттар күндіз түні иін тіреседі. Бірінен соң бірі жеткен жедел жәрдем шақыруы. Ескі автокөлік бұзылады, кейде бензин табылмайды, атпен, түйемен тау арасының тар жол, қар омбылаған тайғақ кешулерінде сүргектетеді. Кіші дәрігерді жіберсең, тек аға дәрігер жанды сақтап қалатындай қоңылтақсиды, ренжиді. Аға дәрігер өзі барса дәл соның шарапаты қона кеткендей емделмей-ақ ауруынан айығып, жігжапар. Ана босандыру, балалар сырқаты, бәріде бір соның мойынында. Дәлірек айтқанда бұл ауылда барлық түрлі ауруға шипа әмбебап дәругер бір өзі ғана. Өз шаңырығынан, уәделескен болашақ жарынан да алыста жалғызсырап, жұмысбасты шаршап жүргенде асқар Алтайдай панасы болып жанашырлық жасаған сұмын-бірлестік бастығы Б.Мичир, партиялық ұйым бастығы Ә.Сатыбалды, сақа кіші дәрігер Т.Хоймонтооларды ол әркез ілтипатпен еске алады.
Адамға адал сенімді абыройды ақтаудан асқан биік мәртебе болмайды. Мекен-жердің, қазақ, урианхай қауымының сеніміне кіршік жуытпаған Асай дәрігердің бейнетқорлығы бекер кетпеді. Екі-ақ жылдың ішінде елеулі табыстар қолға келді. Осы екі жылда ана мен балаға аранын ашқан ажал апаты күрт тиылды. Жылдық қортындыда аймақтық басшы төрт ұйымның марапатына ие болды. 1981-жылы Кәмерия қызы Касиранмен басына шаңырақ көтеріп, бауырына қазан асты. Ендігі мәселе сопа басын алып жүру емес, отбасының тағдырын арқалауына тура келді де зайыбының қызмет бабына сәйкес 1982-жылы Улаанбаатарға ауысып Онкология Ұлттық орталығына дәрігерлікке тағайындалды. Күллі адамзатқа қасырет әкелген қатерлі ісікке қарсы қазір дүниежүзлік төтенше
армия жұмыс істеп, сол алапат пен арпалыс үстінде жүр деуге болады. Осы армияның бір бөлігі Моңғолиядағы Онкологиялық орталық. Табиғи ортаның әлемдік өзгерісі мен химиялық, физикалық құбылыстар, азық-түлік, ауа мен топырақтың ластануы салдарынан бұл кесел Моңғолияда тіптен үдеген қарсаңда Асай осынау ірі мекеменің білікті маманы болып биылмен білдей отыз жыл қызмет атқарып келеді.
Жаңа отбасы жас жұбайлар екі перзентін дүниеге келтіріп, асырап тәрбиелей жүріп ауыл үйлердің жұпыны ауласын жалдап, ауқатты пәтерлердің қоржын үйін майлап тұрумен осы мерзімде он мәрте көшіп қонып, орын ауыстырумен қара нөпір халқының ауыртпалығын зорға арқалап «ыңыранып» жатқан қаланың азабын кешумен келе жатқанымен адам тағдырына аса маңызды осы кәсібінен қия басып адасқан жоқ, керісінше сәби кезіндегі сертінен таймай жан-тәнімен беріле жанкештілікпен күрес жүргізіп келеді. Адам дейтін асыл заттың денсаулығын қорғау қатардағы тамыршы мен қарадүрсін емкөстің ісі емес. Оның ішінде «алтын ескерткішімен» бәйге тігіліп адамзаттың көкейтесті зәрушілігіне айналған ракқа қарсы күрес үшін терең білім, күнсайын жаңарған өнертабыс мағұлматы, қырандай қырығылық, құрыштай шымырлық, қажымас ізденіс керек.
Жер көру, пайда табу, саяхат сайранға бола емес дәрігер Асай тек қана осы кәсби ізденіс үшін Кеңес Одағы, Ресей, Қытай, Корея, Тайланд, Филиппин, Жапония, Үндістан, Марокко, Пәкістан, Чехия қатарлы елдерді яғни жаһанның жарымын шарлады. Бірсыпырасына курс, семинарда оқып, белгілі мамандардан тәжрибе үйренсе, енді біразында отыз жылғы ой талғамдарынан дәріс оқып сабақ берді.Өйткені ғылымның бұл саласына қосқан айтарлықтай үлесі бар. Сынақтар мен ұзақ уақыт жасаған зерттеулері бойынша 2009-жылы «Омырау қатерлі ісігінің рентгендік-маммографиялық диагностика мәселесі» атты тақырыппен Медицина ғылымдарының докторлық диссертациясын қорғаған білікті ғалым, профессор. Доктор дәрігердің осынау кеселді сырқаттар жөнінде жазып шығарған төрт кітабы, оншақты ғылыми зерттеу мақаласы, отыздай лекциясы, дербес туындатқан оншақты өнертабысы мен озық тәжрибелері өмірде жүзеге асып, көрнекті мамандардан жоғарғы баға алған.
Көрген-білген адамдарға мәлім, жанына сауға, араша тілеп үміт күткен науқас адамдар көздері жаудырап, жасаурап Онкология орталығына қаптап барады. Ондағы дәрігерлер сол сырқаттардан бетер құрақ ұшады. Солардың бірі Асай доктор осыныу мерзімде 600 жүз мың қарауынан өткізген екен. Қаралу-ол үшін бәзбіреулерше «Болмай кетіпсің, күтіле бер» емес «емдейміз, сауығасың, қорықпа, әлі де суішерлігің көп қөңіл шуағын сыйлау, емдеп әрекеттену, қажып-талықпай ізденіп әрекеттенудің рухани және денелей шаршап-шалдығуы болумен келеді. Бір кезде жалғыз аға дәрігер Буянтлықтар оған әулиедей табынса, енді ат-атағына тәнті болып осы елдің шартарабынан ат арытып құйылып келіп жатады. Әрине алдыңғы кезекте өз жерлесерімен қуана қауышып қол ұшын береді. Өзгесін ала-бөле қарамай қарамай қолдан келген жәрдемін беруден іркілген емес. Сол үшін де «Асай эмч ардын хүү» -Халық перзенті атанып, Алтай түлегін қалың қауым хан көтеретін болған. Орындалған арман, жүзеге асқан мақсаттар бақыт деуге татиды. Дегенмен Рәмішұлы Асай «болдым, толдым» деп жүрген жоқ, білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз деп әлі де іздену, үйренумен келеді. Менен асып кетер деп білгенін тықпалайтын жан емес жүздеген, мыңдаған шәкірт ізбасарлары бар ұстаз. Онколог және бейнелік диагностика резиденттері мен Денсаулық академиясының студенттеріне сабақ беріп, дәріс оқып келе жатқан белгілі профессор. Мамандығын жетік игерумен қатар, білімін жетілдіруден ешуақыт қол үзбей 1986- жылы Саяси жоғарғы мектепті, 2000-жылы басқару ақадемиясында магистр оқуын бітірген әржақты білімді іскер азамат.
Әріптес серіктері ол туралы «Доктор, профессор Р.Асай Моңғолия көлемінде диагностикасын тұңғыш рет бастама көтеріп, прпктикаға енгізген және рентген маммографиялық анықтаудың негізін салған адам ғалым» деп айрықша бағалайды. Мұның өзін Асай Рәмішұлының Моңғолия медицина саласында ерен ерлікпен өрмелеп шыққан, шырқау шыңы деп бағалау лайықты. Ана оның ақ сүті, сүттің кені омырау. Осылырдан асқан қасиетті, қастерлі не бар еді? Осы тұрғыда сан айрықтан жинақталған Медицина атты жайқын дарияға құятын бір бұлақтың көзін ашып, шипалы суымен сусағандардың сарығын басу зор сауап, баға жетпес еңбек жемісі. Р.Асай науқасты анықтау, емдеу, ұстаздық ету, өзі үйренуімен қарап қалмай бұқаралық істерге білек сыбанып кірісетін қоғам қайраткері. Моңғолия Радиология қоғамының басқарма мүшесі, Денсаулық минстрлігі қасындағы Бейнелік анықтау, салалық кеңесінің мүшелік сайлау жүктеген міндетін дәйекті орындаумен бірге 1996-жылдан Халықаралық Атом Энергиясы Агентігінің жобасын Онкология орталығына жүзеге аыру арқылы сәулемен емдейтін аспаптар алу, мамандарды шетелде дайындау қатарлылар бойынша бір миллион доллардың дәулетін ұлттық орталыққа енгізіп, сәулемен емдеудің сапасын, нәтижесін анағүрлым арттыруға мол үлес қосты. Сондай-ақ Еуропа Радио-онкология қоғамының мүшесіне сайланып міндетін мінсіз атқарып келе жатқаны тұрғысында әлемге танымал маман десек әсіре бағалағандық болмас. Кәсібі осындай айрықша, сөйте тұра отбасының тұрмысы қарапайым. Шайқап ішіп жеп, не қазан түбіне қарап қалмаса да жұршылықпен қарайлас тұрмыс кешіп келеді.
Отбасының иесі К.Кәсиранның орны бір төбе. Ол құрылыс сурет-жобасының компаниясын құрып, пайдалы істетіп отыр. Олар екі баласының ел қатарлы азамат болуына айрықша көңіл бөлген. Қызы А.Анар Ұлы Британияның астанасы Лондон қаласындағы экономика институтын бизнестік-басшылық мамандығымен бітіріп, әлемге әйгілі Лондонның «ТЕСКО»-(TESCO) компаниясында менеджер болып үш жыл қызыметтеген, қазірде Моңғолияның беделді «MCS» компаниясының менеджері. Ұлы А.Телнар Моңғолия Мемлекеттік Университетінің халықаралық қатынас институтын, халықаралық қатынас мамандығымен бітіріп, «Их Тэнгэр» кешенінде екі жыл менеджер істеп, қазір олда Ұлы Британияның астанасы Лондон қаласындағы Қазыны-Экономика институтында магистрантурада оқып жүр. Бес саусақ бірдей емес, әркім өз қырынан танылады. Р.Асай қай кезде, кімді болса да күлімсіреп жылы шыраймен қарсы алатын, әзілкештігімен баурап алатын жайдары жан. Сол үшін де ешкім оны жат көрмей жақсы тартады. Ол ел астанасы Улаанбаатардағы Дүниежүзі Қазақтары Қауымдастығының бөлімшесін басқаруы оның Моңғол жұртына жақындығы ғана емес, өз туған жұртына да сыйымды, сыйлы екендігін әйгілейді.
Дәрігер Р.Асайдың еңбегін Моңғолия өкіметі лайықты бағалап «Алтын жұлдыз» ордені, медалдар, әлденеше саланың үздігі атағын сыйлаған. Дейтұрғанмен бұл берілген бағадан оның еңбек жемісі жоғары, мол, сондықтан нақты бағасын алар уақыты жетті деп ойлаймын. Төмендегі менің осы бір ұсынысым төрдегілерге жетсе екен деймін.
Бұл мақаланы Моңғол елінің Халық жазушысы, Мәдениет қайраткері, доктор, профессор Сұлтан Тәукейұлының «Үндэсний шуудан» газетінің 2012.02.14. №40 санына жазып бастырған мақаласын, Моңғол елінің Мәдениет қайраткері атақты ақын- жазушы,тарихшы, шежіреші Шынай Рақметұлы тәжірмалап «Жаңа Дәуір» газетінің 2012 –жылғы № 03-04(5441-5442) санына бастырды