Бүгінгі қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркітектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңірлердің тарихи үрдістеріне елеулі үлес қосты. Қазақ тілінің әліппесі тым тереңнен тамыр тартады. Ең алғашқы жазудың бірін ойлап тапқан түркілер еді. Түркі жазуы болып табылатын бітік жазу (руна жазуы, сына жазу деп те атайды) 5-6-шы ғасырда, яғни осыдан 15 ғасыр бұрын пайда болды. Қазақтар 1929 жылдан латын қарпін керектеніп, 1940 жылдан кирилл әліппесін қолданып келеді.
Шын мәнінде, ата-бабаларымыз әр кезде бітік, руна, ежелгі парсы сына жазуы, грек-бактрия, арамей, соғды, ежелгі ұйғыр, бірнеше түрлі моңғол жазуларында жазды. Орта ғасырлардан бастап парсы нұсқадағы араб жазуы, төте жазу қолданылған.
Қазақ жерінде жазу Сақ дәуірінде пайда болған секілді. 1960 жылы Ертіс жағасынан табылған, біздің заманымыздан бұрынғы 5-4-ші ғасырларға жататын марал сүйегінен жасалған тұмарда жазу болған. Оңнан солға қарай жазылған бұл жазуды ғалым Алтай Аманжол «Ақ сықын (ақ марал)» деп оқыған. 1970 жылы Есік маңынан табылған алтын адамның қабірінен жазуы бар күміс тостаған табылған. Көне түркі бітік жазуына да, грек, арамей әріптеріне де ұқсас екі жол 26 таңбадан тұратын бұл жазудың мағынасын ғалымдар былай деп оқыды: « Аға, саған бұл ошақ. Бөтен адам тізе бүк. Халықта азық-түлік мол болғай». Зерттеушілер бұл жазудың осыдан 2500 жыл бұрын сақ дәуірінде көне түркі тілінде жазылғанын анықтады.
Түркілердің ежелгі жазуы мен жазба тарихын 8-ші ғасырда арабтар жойып жіберген. Әнтек Моңғол жеріне аты жете алмай, сондағы Күлтегін, Орхон жазбаларынан ғана бүгінгі ұрпақ тарихи ақиқатқа көз жеткізіп отыр. Қазіргі күнде төл әліппе, ата жазуымыз арабтардың аяғы жетпеген Орхон мен Енисей бойындағы сынтас, тас мүсін, балбалдарда ғана сақталып қалған. Арабтар басып алған елдеріне тән ұлттық жазу-сызудың барлығын бүлдіріп, қиратып, жойып, орнына араб жазуын енгізген. Соның салдарынан бітік жазу естеліктері сақталмай, түркілер жазусыз-сызусыз надан жүріп, араб жазуының арқасында жазу үйренгендей күн кешуде.
Араб халифатының әскери қолбасшысы Қутейба ибн Муслим Тұран өлкесін 705-715 жылдары, 707 жылы Самарқандты басып алып, 713-715 жылдары Бұхара, Шаш пен Ферғана, Қашқарға шабуылдағанда халқын қырып-жойып, үстемдігін жүргізу барысында ең әуелі тұрандықтардың ұлы жетістігі, олардың тарихи жадын құрайтын рухани естелігі, ата мұрасы болып табылатын бітік жазуды жойып жіберуді мақсат тұтумен бірге рухани ошаққа айналған қалаларын қиратып, халықтың әдет-ғұрпын араб салтына алмастыру, кісі аттарына дейін арабшалау, арабша ат қойғызу, қолжазба, кітап атаулыны жойып, сауатты адамдарының көзін жою, ислам дүниетанымын күшпен таңуды қолға алды. Сол кездегі тарихшы ғалым Наршаһи өзінің «Бұхара тарихы» атты кітабында “… соғысқа жарамдының бәрін өлтірді. Қалалар жермен-жексен етілді. Қутейба мешіттер орнатып, кәпірлік және отқа табынушылық (тәңіршілік) рухындағы шығармаларды да жойды», – деп жазды. Арабтар қабір бетіндегі, құлпытастардағы жазуларды да түгелдей жойғызыпты. Сынтастарды іздеп тауып, онда қашап жазылған жазулардың бәрін өшірді. Өшпегенін шағып құртты. Араб басқыншылары бітік жазу ескерткіштерін жойып, бітік жазулар біртіндеп ысырылып, қолданыстан шыққан соң күшпен араб тілі мен араб әліпбиін тарата бастады.
Алайда араб, парсы тілдерінің түркі тілді халықтардың әдебиетінде үстемдік құрып, жергілікті тілдің шетқақпайлануына қарсы ұлы ғалымдар, қоғам қайраткерлері ғасырлар бойы ымырасыз күрес жүргізді. Мәселен, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Яссауи, Әлішер Науаи, Бабыр, Әбілғазылар шығармаларын түркі тілінде жазып, түркі тілінің аясын тарылтпай, абыройын қорғау жолында күресті. Ғасырлар бойы қоғамдық, саяси, әдеби тіл араб сөздермен шұбарланғанымен көшпенділік өмірде күнделікті қолданыстан шықпағандығының арқасында қарапайым халық атадан мұра болған ана тілін осы күнге дейін айнытпай таза қалпы сақтап қалды.
Түркітілдес халықтардың ата-бабасы болып табылатын сақ, ғұн, үйсін, қаңлылар керектенген, сына жазу, оймақ жазу, бітік жазу деп те аталатын көне түркі руна жазуын түркілер көршілес соғдылардан алғанымен оның түп тамыры өте көне замандағы ескі арамей жазуымен сабақтасатыны жайында көптеген ғылыми еңбектерде айтылады. Мысалы, біздің дәуірімізге дейінгі 192 жылы қытай тілінде жазылған «Тарихи естеліктер» атты кітапта: «Мөде тәңірқұты заманында ғұндар күшейіп, жазу қолдануды жолға қойған, сол арқылы артына үлкен мұра қалдырған» деп жазылған. Ғұндар бітік жазуды мемлекеттік деңгейде қоғамдық қарым-қатынасқа кеңінен пайдаланғаны дәлелденіп отыр. Түрік қағанаты тұсында қолданылған бітік жазу осы ғұндардың қолданған жазуының жалғасы, артына қалтырған рухани мұрасы екендігі бүгін талассыз тұжырымға айналды.
Бітік жазу, яғни руналар жоғарыдан төмен, бірақ оңнан солға қарай оқылады. Себебі ерте заманда бұл жазба пайда болған кезде жер бетінде қағаз туралы ұғым да болмаған. Жазба тасқа қашалған. Ал тасты тек қана оңнан солға қарай қашауға мүмкіндік бар.
Сібір жерінен табылған құпия жазудың сыртқы келбеті Скандинавиядан табылған руналық әріптерге ұқсас болғандықтан алғаш рет «түрік руна жазуы» деп атайды және бұл атау содан бергі түріктану ғылымында қалыптасқан терминге айналады. Скандинавия тілінде «рун» деген сөз «құпия» деген мағына білдіреді.
5-6-шы ғасырда Еуразия құрылығында ғылымға адамзат тарихындағы ең көне әліпбилердің бірі ретінде белгілі «Орхон-Енисей жазулары» деген атаумен танылған түркілердің руналық жазуы, яғни бітік жазу (сына жазу) пайда болып, қолданылды. Түркі тілі 5-15-ші ғасырларда Еуразия құрылығының аса ауқымды бөлігінде ұлтаралық қатынас тілі болды. Мәселен, Алтын Орданың бүкіл ресми құжаттары мен халықаралық хат-хабарлары негізінен ортағасырлық түркі тілінде жазылып келді. Бітік жазуда 35 әріп бар.
Түркі қағанаты дәуірі тасқа қашап жазған бітік (бичиг) жазудың арқасында түрік халықтарының ғана емес, күллі адамзат тарихында алтын әріппен жазылып қалды. Осы кезеңде тасқа ойып жазылған түріктің көне бітігі түрік тайпаларының өркениет деңгейінің жоғарылығын көрсетеді. Көне бітік ескерткіштері түріктердің шығу тарихы мен даму жолдарынан, сол кездегі жер-су атауларынан мағлұмат береді.
Тарихқа үңілсек, атақты италиялық ақын Петрарканың тапсырмасы бойынша 13 ғасырда Еуропалық дін таратушылар қыпшақтың ауызекі тіліндегі 164 беттен тұратын «Кодекс куманикус» атты қыпшақ сөздігін армян жазуымен құрастырған екен. 12-14-ші ғасырларда жасалған қыпшақ тілінің сөздіктері, араб-қыпшақ сөздігі (12 ғасыр), түрік-қыпшақ сөздігі (13 ғасыр) құнды ескерткіштер болып табылады.
Қазіргі таңда ағылшын тілі көп елдерде халықаралық тіл болса, 16-17-ші ғасырларда Шығыс елдеріне барғысы келетін еуропалықтар қыпшақ тілін білуге мәжбүр болып, ол да халықаралық тіл дәрежесінде болған екен. 1517 жылдан бастап 1811 жылға дейін Мысырда қыпшақ тілі араб тілімен тең қолданылып, қыпшақтар орта ғасырларда Иран, Ауғанстан, Үндістан халықтарымен тығыз қарым-қатынас жасапты.
13-14-ші ғасырларда Орта Азияда құрылған түркі-моңғол ұлыстарының көпшілігі ұйғыр жазуын пайдаланған. Ұйғыр жазуы – соғды жазуынан (б.з.б. 1 ғасыр – б.з. 9 ғасыр) бастау алатын ежелгі ұйғыр тайпалары пайдаланған жазу. Жоғарыдан төмен қарай тік әріптермен солдан оңға бағыттала жазылатын бұл жазу түрі сирия-арамей әліпбилерінің біріне саяды. Ұйғыр жазуының әліпбиін кейінірек наймандар, олардан моңғолдар үйренген. Шыңғыс хан Найманды басып алғанда тұтқынға түскен хатшы Тата Тунга ұйғыр жазуын моңғол тіліне бейімдеп жасаған. Моңғолдар оны уйгаржин жазу дейді. Ұйғыр жазуының ескерткіштері бізге Шығыс Түркістаннан табылған қолжазбалар арқылы жетті. Олардың ішіндегі ең көрнектісі – Жүсіп Баласағұнның “Құтадғу біліг” (1069) дастаны. Ұйғыр жазуы туралы мәліметтерді Махмұт Қашқаридың “Диуани лұғат-ат-түрк” (1073) еңбегінен де кездестіруге болады.
Қазақтарды тарихи жадынан айыру үшін коммунистер алдымен түркілердің жазуын жойып дініне енгізген арабтардың тәсілімен жазуларын ауыстырды. Сталин 1930 жылы орыс жазуын тура тықпалау түркітілді халықтардың қарсылығына тап болады деп қорғалап, 1930 жылы арабтың төте жазуын уақытша латын жазуына ауыстырды. Латын жазуын дұрыс та үйретпей, халықтың аздаған бөлігі енді латынша сауатын аша бастаған кезінде қазақтың 20 мыңнан астам көзі ашық, көкірегі ояу, тарихтан хабардар, білімді, сауатты зиялыларын қырып тастаған соң барып 1940 жылы халықтың қалауымен деген желеумен қазақты латын жазуынан орыс жазуына көшірді. Ахмет Байтұрсынның жасаған төте араб жазуын үйреніп, жеңіл, оңай тәсілмен сауатын ашқан қазақ халқы қайтадан латынша сауат ашуға мәжбүр болғанымен енді араб жазуымен бірге өткен мыңжылдық тарихын, төте жазу мен латын жазуымен бірге бірнеше ұрпақтың еңбегін зая кетіріп, оны да тарихтан өшіруге тура келді.
Кеңес Одағының күйреуі түркі ұлысының оянуына үлкен түрткі болып, көне және өте бай тарихы пен мәдениетін куәландыратын жабық мұрағаттардың деректеріне қол жеткізді.
Сайып келгенде, біздің түркі тілдеріміз үшін латын жазбасы да, арабтың өрімі де, орыстың кириллицасы да бөтен. Бұл басқа тілдердің заңдылығы мен дыбыстарына арналған жат таңбалар. Ұлы Дала төрінде ежелгі заманнан бері мекендеген түркі елдерінің тілінің табиғи дыбысын жаңғыртып, жандандыруға тек ғасырлардың желі мен жауын-шашындары ұрпақтардың есінен ақиқат шындықты өшірмесін деген ниетпен ата-бабаларымыздың бізге арнап тасқа қашап түсірген мәңгі үндеуі, бізге тапсырып кеткен аманаты іспеттес сына, бітік деп әртүрлі атап жүрген руна жазудың ғана шамасы келеді. Мәселен, Қазақстанда орысшыл саясаттан боп орыстанып кеткен қазақтар «Ң» дыбысынан айрылуға таяп жүр. Орыстандыру осы қалпы жалғасса келесі ретте «Ғ»-дан, одан «Қ»-дан, «Ә, Ө. Ү, Ұ, І, Ы» дыбыстарынан айрылып қалуымыз ғажап емес. Себебі латынға көшкен анадолы түріктері осы дыбыстардың біразынан әлдеқашан айрылып қалған.
Қазақ үшін бітік жазу ана тілінің ең алғашқы төлтума жазуы болғандықтан ұлттық рухы мен ділінің, мәдениетінің өзегі болып табылады. Қай ел үшін де ұлттық жазуы тілімен бірге біте қайнасқан төл туындысы, тарихи меншігі, әрі тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің кепілі, елдігінің маңызды және қажетті нышаны екені анық. Жаңа заман түркі халықтарының қауымдастығын біріктіретін ортақ Түркі тілі мен туысқан халықтардың өзінің төл жазуын жазуын қайта жаңғыртуды талап етеді.
Журналист, аудармашы Самат Насырұлы