үй Әдебиет Д.Нацагдорж: МЕНІҢ ЖЕРІМ

Д.Нацагдорж: МЕНІҢ ЖЕРІМ

Құрманхан Мұхамәдиұлының аударған нұсқасы:

Безендірген cолтүстікті ну орманды таулары,

Хэнтий,  Хангай, Саянның биік әсем жондары.

Мэнэн, Шарга, Номиннің көз жеткісіз говысы,

Оңтүстіктің көркі болған  шексіз мұхит  құмдары.

Бұл менің туған жерім,

Моңғолдың әсем Отаны.

Хэрлэн, Онон, Туулдың мөлдір тұнық дариясы,

Аңсағанға дәрі болған арасан мен бұлақтар.

Хөвсгөл Увс, Буйрдың көгілдір терең көлдері,

Жұрттыңмейірін қандырған, сай-сайдағы суаттар.

Бұл менің туған жерім,

Моңғолдың әсем Отаны.

Орхон, Сэлэнгэ, Хөхүйдің өте әсем өзені,

Биіктерден бас алған, төбесі асу, қойыны кең.

Ескіден қалған ескерткіш – қала, мазар орны,

Сапарына жөн сілтеп, алысқан тартқан керуен.

Бұл менің туған жерім,

Моңғолдың әсем Отаны.

Алыстан айқын көрінген айдынды ұлы мұз таулар,

Көкжиегі тірескен, алқабы кең сары дала.

Айналаң айқын көрінген зәулім биік заңғарлар,

Кеудені керіп дем алып  жадырайсың шаттана.

Бұл менің туған жерім,

Моңғолдың әсем Отаны.

Хангай мен Говының арасы, Халханың кең мекені,

Айнала шауып жарысып асыр салып өскен жер,

Жарыса біткен құба жон аң аулаған серуендеп,

Ел жиналып той тойлап, ат шаптырған ылди өр.

Бұл менің туған жерім,

Моңғолдың әсем Отаны.

Желге басы иіліп, желкілдеген көк шалғын,

Иен даланы қуалап шағылысқан нұр, сағым.

Ел қамын жеген ерлерім пана тапқан орқаштар.

Күпиген үлкен обалар табынып өткен ұрпағым.

Бұл менің туған жерім,

Моңғолдың әсем Отаны.

Миуаланған түрлі шөп малға жақсы жайлым,

Төбесі торқа көк майса, қойыны жеміс тауының.

Төрт мезгілде кең толғап қонатын елдің мекені,

Топырағы құналы дәрісі егіс дәнінің.

Бұл менің туған жерім,

Моңғолдың әсем Отаны.

Ата бабам табыты  қойнауына қойылған,

Кіндік кесіп, кір жуып, жас ұрпақтар өскен жер.

Кисең киім, жесең ас, жер қайысқан бес түлік,

Көрген рақат, көңілі шат толықсыған біздің ел.

Бұл менің туған жерім,

Моңғолдың әсем Отаны.

Қысқы аяз кезінде қар менен мұз жамылып,

Қарасаң көзді ұялтад, шыныдай жылт-жылт шағылып.

Жазғы жайсаң маусымда гүл, жапырақ жамылып,

Алыстан аңсап келеді қаз бен үйрек сағынып.

Бұл менің туған жерім,

Моңғолдың әсем Отаны.

Тың жатқан мол қазына Алтай, Хянган арасы,

Игілікке кенеліп, мекендеген бақытты ел.

Күміс күннің нұрына, мәңгі бақи бөленіп,

Айдың алтын сәулесін мәңгі тұрақ еткен жер.

Бұл менің туған жерім,

Моңғолдың әсем Отаны.

Хүнну, Сүннү кезінен ата-бабам қонысы,

Көне мұңғыл шағынан күрескер жұрт жетелі.

Ұрпақтан ұрпақ алмасы, бауыр басқан ата жұрт,

Алқызыл ту жамылған жаңа Моңғол мекені.

Бұл менің туған жерім,

Моңғолдың әсем Отаны.

Өсіп-өнген ежелгі елімнің сүйікті Отаны,

Өңешін созып жау келсе, теуіп айдап шығамыз.

Тағдырым ортақ азамат – нығайтып халық үкіметін,

Келешек жаңа дүниеге абырой, құрмет құрамыз.

Бұл менің туған жерім,

Моңғолдың әсем Отаны.

Білеміз Моңғол есімі әлемге әйгілі екенін,

Оған деген махаббат, жүрекпен жалғас өтеді.

Туа үйренген ана тіл – ұмытылымас мәдениет.

Туған жерің өмірлік ажырамас мекенім,

Бұл менің туған жерім,

Моңғолдың әсем отаны.

 

Қуанған Жұмаханұлының аударған нұсқасы: 

Хэнтий, Хангай, Саянның асқар абат жондары,

Солтүстіктің әшекейі – ну тайгалы таулары.

Мэнэн, Шарга, Номиннің шетсіз-шексіз шөлдері,

Оңтүстіктің жер жаннаты – құм шағылды көлдері.

Бұл менің туған жерім,

Моңғолым, әсем елім.

Хэрлэн, Онон, Туулдың айдын шәрбет шалқары,

Қайнар, бұлақ-арасан жұрттың шипа, аңсары.

Хөвсгөл, Увс, Буйрдың телегей көкшіл көлдері,

Мал мен жанның сусыны қақ-шұқанақ көздері.

Бұл менің туған жерім,

Моңғолым, әсем елім.

Орхон, Сэлэнгэ, Хөхүйдің кербез керім  өзені,

Кен байлығы қайнары – таулары мен кезеңі.

Көне ескерткіш орны – мазарлары, қорғаны,

Алыстарға жөңкілген керуен-керуен жолдары.

Бұл менің туған жерім,

Моңғолым, әсем елім.

Жарқ-жұрқ еткен жырақтан киелі өр шыңдары,

Көгілдір көк көмкерген құмбыл құба қырлары.

Ақар-шақар жондардан көрінген қиыр қарасы,

Жадыратқан жаныңды көсілген кең даласы.

Бұл менің туған жерім,

Моңғолым, әсем елім.

Халхның кең мекені тайга мен шөл арасы,

Қаршадайдан өр-қырлы құйғытқан жер сарасы.

Аң аулаған саятта адыр-адыр заңғарлар,

Арғымақтар жарысқан ұлан-ғайыр аңғарлар.

Бұл менің туған жерім,

Моңғолым, әсем елім.

Самал желдің өтінде көкорайы жайқалған,

Сол далада көгілжім сағым кілкіп шайқалған.

Құз-қиялы жартасын жырынды ерлер сағалап,

Құрбан шалып тәңірге тұрғызған тас обалап.

Бұл менің туған жерім,

Моңғолым, әсем елім.

Жасыл мақпал шалғыны малдың ғажап өрісі,

Айқыш-ұйқыш шарласаң жайқын жайсаң қонысы.

Қалауынша төрт мезгіл ел  көшетін атырап,

Алуан түрлі егістік өнетін бай топырақ.

Бұл менің туған жерім,

Моңғолым, әсем елім.

Алтын құндақ тауына бабаларды қойған жер,

Немере мен шөбере үрім-бұтақ жайған жер.

Мыңғырылған бес түлік түзді жауып жатқан жер,

Монголдардың көңілін ынтықтырып жатқан жер.

Бұл менің туған жерім,

Моңғолым, әсем елім.

Шатынаған қысында ақ қар, көк мұз жамылып,

Жалт-жұлт еткен жақұттай сан құбылып, шағылып.

Жазғы сайран маусымда гүл- жапырақ жайқалған,

Қиырдан кеп жыл құсы қиқұласып ән салған.

Бұл менің туған жерім,

Моңғолым, әсем елім.

Алтай, Хянган аясы тың қазына бай өлке,

Әке-шешем қонысы ғұмырлық жұрт-жан өлке.

Алтын күннің нұрына шағылысқан жұмақ жер,

Күміс айдың сәулесі гүл жайнатқан шуақ жер.

Бұл менің туған жерім,

Моңғолым, әсем елім.

Хүннү, Сүннү кезінен бабам өмір сүрген ел,

Хөх Монголдың шағында дәуірлеп бір тұрған ел.

Қоныстанып ежелден мәңгі бауыр басқан жер,

Бүгін жаңа Моңғолдың қызыл туы жапқан жер.

Бұл менің туған жерім,

Моңғолым, әсем елім.

Қонысымыз – ата жұрт, туып-сүйіп өскен жер,

Теуіп айдап шығамыз келсе дұшпан өшпендер.

Еншіміз бұл өлкеде жаңа үкімет құрайық,

Нұрлы әлемде келешек жасауға  ерлік шығайық.

Бұл менің туған жерім,

Моңғолым, әсем елім.

Моңғол аты әлемнің құлағына қадалған,

Моңғол деген от сезім жүректерге оранған.

Ана тіл ол ұмытпас – мәдениет, арымыз,

Туған жерден ғұмырлық ажырамас жанымыз.

Бұл менің туған жерім,

Моңғолым, әсем елім.