үй Жаңалықтар Қаламгерлер өкілдеріне ауызашар берілді

Қаламгерлер өкілдеріне ауызашар берілді

Моңғолия қазақтарының тілі мен мәдениетін қолдау одағынан Баян-Өлгий аймағындағы ақын-жазушылар мен шежірешілер, журналистер, ұстаздар, одақтың жанындағы “Жас журналистер” клубының өкілдеріне қасиетті Рамазан айына орай ауызашар берді.

Осы қарсаңда өткен Наурыз мерекесі қарсаңында Моңғолия Президенті У.Хүрэлсүхтің жарлығымен “Халық жазушысы” атағына ие болған Моңғолияның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, ақын, жазушы, драматург Шынай Рахметұлының иығына қазақы салт бойынша шапан жауып, қоғам атынан құрмет көрсетілді.

Ауызашар дастарханы үстінде одақтың Басқару кеңесінің төрағасы Сәбет Насырұлы, атқарушы директоры Нұрболат Өнерханұлы ұйымның өткен уақытта атқарған іс-шаралары мен алда жоспарлап отырған жұмыстары жайлы мәлімет берді.

Сонымен қатар, Халық жазушысы Шынай Рахметұлы, журналист, аудармашы Самат Насырұлы қатарлы қаламгерлер өз ұсыныс-пікір, ақыл-кеңестерін ортаға салып, одақтың іс-қызметінен табыс тіледі.