(«Бұршақбайды жоқтау» атты қисса)
Жоғалып кеткен көлемді жоқтау жыр ел қазынасына қосылғалы тұр. Еліміздің егемендігінің арқасында өшкеніміз жанып, жоғымыз түгенделуде. Әсіресе, тәуелсіздіктен бері елге оралған ағайынның рухани қазына сақтап, қалам ұстағандары қаншама мұрамызды ел қазынасына қосты. Біз өткен жазбамызда Алаш арыстанының бірі болған Әбдікәрім болыстың жұртқа белгісіз жырлары табылғанын айтып «Abai.kz» сайтында және Моңғолия қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі Ақтан Бабиұлының «Дүңген төңкерісі» атты кесек дастаны табылғанын айтып «Әдебиет порталында» қаймана қазақ баласынан шүйінші сұраған едік. Екі құнды мұраны да алғашқы болып ұсынған, бүгінгі күні сексеннің сеңгіріне бет алған ақсақал Шорман Қабдырахманұлы екенін жеткіздік. Жаттампаздық қасиетті жасынан-ақ жадына ұялатқан сол Шорман ақсақал «Бұршақбайды жоқтау» атты көлемді қиссаны да ұсынып, ары қарай Алаш баласына жеткізу сендерге аманат деп қолжазбасын берген еді. Жазуы маржандай ұқыпты да рухы биік қарттан аса құнды аманатты алғаннан кейін, төте жазумен (А.Байтұрсынұлы жазуы) жазылған жыр жолдарын бүгінгі жазуға түсіріп, шамаша түсініктер мен ескертпелер қосып, ойлы оқырманның зердесіне тарту етіп отырмыз. «Бұршақбайға арнау» (жоқтау) атты бұл көлемді қисса жырдың авторы да Моңғолияның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, драматург Ақтан Бабиұлыныкі болып шықты. Жырға арқау болған Бұршақбай – өткен ғасыр басында ҚХР Алтай бетіндегі Шүйіншәлі елінің өте білікті, жұртына әділдігімен аты шыққан атақты биі (үкірдайы). Шамамен 1874-1931 жылдары арасында өмір сүрген. Жыр авторы Ақтан Бабиұлына Бұршақбай би ауылы қайын жұрт болады екен. Дегенмен, автордың мақсаты қайын жұрттағы білікті бір кісіні мадақтау емес, алты алашқа аты кеткен бірегей тұлғаны ел есіне қалдыру екені байқалады. «Сайраған Орта жүзде бұлбұлым-ай», – деп емірене еске алғанына қарап та, Бұршақбай бидің күллі Алтай бетіне танылған беделді тұлға болғанын мөлшерлеуге болады. Он жеті жасында би болып, елу жеті жасында мәңгілік сапарға аттанған бидің қырық жылдық билік жолында қара қылды қақ жарған әділетті кісілігі сөз болады. Туған елі, өскен жері атын төте атамай Пұшаң атап кеткен Бұршақбай би туралы жазба әдебиет пен ел тарихындағы ресми дерекке тұңғыш рет енгелі отыр. Осыған дейін, өткен жылы Алматыдағы «Bilge» баспасынан шыққан «Кешубай шежіресі» (кешубай – он екі Абақ керей руының бірі жәнтекейден тарайтын сүйіншәлінің секелінен тарайтын аталық ру) атты кітапты құрастырушы Бақытхан Әбілқұмарұлының қысқаша таныстыруында да Бұршақбай би есімі аталып өткен болатын. Енді бүгін бір дәуірдің бірегей тұлғасы Бұршақбай биге арналған кесек еңбектің табылуы алаш баласы үшін қуанышты ірі жаңалық деуге толық негіз бар. Жоқтау жыр 325 жолдан тұрады. Ішінара тармақтары өшкен немесе ұмытылса керек. Ақтан Бабиұлы 1933 жыл ел ішіне дүрбелең туғызған «Дүңген төңкерісінде» бөліне көшкен елмен бірге бүгінгі Баян-Өлгей аймағына көшкенін ескерсек, Бұршақбай би онан екі жыл бұрын қайтыс болды, арнау жоқтау сол жылы жазылды деуге болады. Қалай дегенмен жазылғанына ғасырға жуық уақыт өткен (тоқсан екі жыл) бір тарихи мұраның қазақ рухани қазынасына қайта қосылуы ақжарма жаңалық есептеледі. Қисса сарынды жырдың өн бойынан құнарлы әдеби көркем тілді көруге болады. Мына тармақтардан оқырман ойға қалары хақ. Әй, жалған, азды-көпті көрген қызық, Болды ғой көзді ашып-жұмғандай-ақ. Кеткендей жер шайқалып, күн тұтылып, Түбінен мықан ағаш сынғандай боп. Құлады амал қанша асқар тауым, Айырған жез бен мыстай дұшпан жауын. Қайтейін, берсін жұртқа қайырымды-ай, Қоймаған шариғаттың заңы мұндай. Бұзылып ел реті күйік шекті, Өрт шалған ақ түбектің қайыңындай. Қазақтың күні кешеге дейінгі тілінде бар етістіктен кейін көптік жалғауы жалғанатын қаисетін де дастаннан көріп қалдық. Қағазға тәмам молда қарадылар, Сарап қып біткен малын санадылар. Өліктің мал зекеті, садақасы, Қырық-елу қара ұстауға жарадылар. Сондай-ақ автор дәстүрлі қазақ қисса жазармандары сияқты шығарма арасында өзін де таныстыра кетеді: Мен Ақтан мұны жазған пақырыңыз, Көп емес аз ғана еді ақылымыз. Бір жұрты – ер жігіттің қайын жұрты, Тақсырдың алыс емес, жақынымыз. Міне, біре жыл ішінде бір емес, бірнеше жәдігер мұраны ел қазынасына қайта қосқан Шорман ақсақал Қабдырахманұлына алғыс білдіреміз. Бұл туындының Арғы беттегі қандастар тарихын, әдебиетін зерттеуде, тұлға тануға арналған еңбектер тұрғысынан зерделеуге, Ақтан Бабиұлы шығармаларын толықтап зерттеуге тың жол ашары даусыз.
Әділет Ахметұлы ақын, Алаш мұраларын зерттеуші