үй Тарих Мемлекет және қоғам қайраткері Қабышай Сәдуұлы туралы естелік

Мемлекет және қоғам қайраткері Қабышай Сәдуұлы туралы естелік

Өткен жылы 12-айдың 12-күнгі аймақ әкімінің А/1013-үкімі бойынша арнайы жұмыс тобы тағайындалып, үстіміздегі жылдың шілде айына дейін Қабышай Сәдуұлының өмір баяны, үкімет, қоғамға атқарған қызметі жайлы кең көлемде барлық ақпараттармен насихаттау туралы көрсеткен болатын. Бұл жолы ағамыздың өмірбаянын қысқаша түсіндіріп, ел аузында ол кісі туралы айтылып жүрген бірер әңгімеге тоқтала кетуді жөн көрдім. Қабышай Сәдуұлы аймағымыздың, еліміздің ары қарай өсіп өркендеуіне бар ғұмырын арнаған, үлесін қосқан, қажымай талмай жарты ғасырға жуық жыл қоғамға еңбек еткен мемлекет және қоғам қайраткері. Бұл кісінің білім алып, қоғамға қызмет атқарған заманы бүгінгі күнмен салыстырғанда жер мен көктей, қыйыншылығымен қалтарысы мол заман болды.

Техниканың тапшы, тіпті жоққа тән кезі, аймақ орнамаған барлық нәрсе Қобда аймағына барып шешілетін тұс. Ақбалшықтан бастауыштың үшінші класын бітірген соң Қобда аймағында жаңа орнап жатқан латин әрпімен оқытатын уақытша курсті 6 ай оқып тәмәмдап, сонда сауатын ашуға келгендерге мұғалім болып қызметтейді. Бір жылдан соң Улаанхус сұмынына қайта оралып, бастауыш сынып мұғалімі болып қызметтеп тұрып, білімін онан сайын жетілдіру үшін аймақ орталығындағы мұғалімдер дайындайтын мектепке келіп сын беріп, екінші курсінен тура түсіп бітірген соң аймақтық партия комитетінің шешімімен, бірнеше қазақ балалармен бірге МХРП-ның Орталық Комитетінің жанындағы партия кадрлерін дайындайтын жоғарғы оқу орнында оқуға Улаанбаатар қаласына аттанады.

С.Қабышай: «Шырақтан шуаққа» кітабында: «1931 жылы майда Абай Қасымовтың біраз жылдан соң барлық бала мектепке қамтылып, жастар біткен оқып білім алған, надандық, сауатсыздық жойылған, мәдениет гүлденген шаққа қызығатын боламыз. Сонда арманда қаласың» деген ақылын жадымда мықтап сақтап жүрген маған мақсатыма жетудің сәті осылай түскен еді» деп жазған. Ағамыз білім, ғылым үйренуде мұнымен шектелген жоқ. Араға бірнеше жыл салып 1957 жылы Орталық Партия Комитетінің шешімі мен Совет Одағының Коммунист Партиясының жоғарғы мектебіне оқуға аттанады. Бұл мектепті 1957-1961 жылдар арасында оқып тәмәмдаған. Қашаймен мына адамдар бірге оқыды. Соңында барлығы дерлік Моңғол елінің мемлекет және қоғам қайраткерлері болған Орынұлы Тілейхан, (Құрылыс министрі), Жуанғанұлы Ром (Аймақ әкімі), Жәлелұлы Әбділ (Налайх қаласының әкімі).

Алматыда оқып жүрген кезінде бұл адамдарға бір айтулы оқиға кездеседі. Кезекті қысқы демалыстан кейін С.Қабышай, О.Тілейхан, Ж.Ром, Ж.Әбділ үшеуі Өлгейден Алматыға қарай жолға шыққан. Ол кезде Қош-Ағаштан Новосибрскіге дейін машинамен жетіп, онан ары Алматыға поезбен баратын. Бұл жолы уақыт тапшылығына байланысты Новосибрск қаласынан ұшақпен ұшады. Қыстың күні айнала бітеу тұман, қар мол болса керек. Ұшақ әуежайдан көтеріле көп ұзамай қатты дауыс шығып, сілкініс болады да, қандай бір себеп пен ұшақтың артқы бөлігі бөлініп қалған. Жолаушылар ұшақтан жерге сыпырылып түседі.

Абырой болғанда темір жол бойы қар мол болғандықтан адамдар шұбырып соның үстіне түсе берген. Бірақ, бес-алты адам қайтыс болып, көп адам жарақаттанады. Ромның иық сүйегі, Әбділдің мұрын сүйегі сынады да, Қабышай жеңіл жарақат алады. Үшеуі қалың қарға малтығып, темір жол бойымен жүре беріп жол бойындағы бір үйге келеді. Мұнда келсе жалғыз орыс әйел отыр екен. Дереу шай тамақ істеп беріп, жедел жәрдем шақырып көмектескен екен.

Ендігі кезекте атқарған қызметіне тоқталар болсақ, Қабышай бастауыш сыныптың мұғалімімен алғашқы еңбек жолын бастаған. Орталық Партия Комитетінде нұсқаушы, Орталық Партия Комитетінің жанындағы партия мектебінде мұғалім болды. Ержан Қабышайұлы «Өмірдерек-Қабышай Сәдуұлы» атты кітабында төмендегі деректерді келтіреді.

МХРП-ның ОК-нің хатшылар кеңесінің 1947 жылы 09-29 күнгі 79-ші қаулысы бойынша Мемлекеттік Радио Комитетінің саяси редакторына тағайындалады. Қаулыға бас хатшы Ю.Цэдэнбал қол қойған. Осы жылдың 11 айының 21 күнгі 64-ші қаулысы бойынша ОК-нің жанындағы кеңесін орнатып, бастығына Г.Дуламдорж, орынбасарына Х.Намсрайжав, саяси редакторына С.Қабышайды тағайындады. Қаулыға Хорлоогийн Чойбалсын қол қойды. Ал МХРның Министрлер кеңесінің 1951-04-07 күнгі 70-ші қаулысымен С.Қабышайды Радиоландыру және радиохабар комитеті бастығының орынбасарына тағайындайды. Қаулыға Бас Министр, Моңғол елінің екі мәрте батыры, маршал Х.Чойбалсын қол қойған. Радионың басқару орнында табан аудармай 8 жыл жыл қызмет атқарады. Демек, сол кездің радио комитеті министрлік деңгейде деп айтуға болады. Бұл ұйымның саяси редакторына қазақ адамы С.Қабышайды тағайындауы Үкімет тарапынан аса күрделі жауапкершілік, сенім жүктеген іс болатын. С.Қабышай бұл сенімді ақтап, тек ғана өз атын емес, Моңғолиядағы қазақ халқының абыройын көтерді деуге болады. С.Қабышай осындай ауыр жүкті арқалай отырып, Моңғолиядағы қазақ халқының сауатын ашу, ағарту істерін де қолға алды. Ең әуелі аз уақыт болса да қазақ тілінде радио хабар жүре бастады. Бұл орталықтан алыс, моңғол тілін білмейтін қазақ қауымы үшін маңызды бастама болды. Қазақ тіліндегі хабарды С.Қабышай өзі оқитын, А.Мініс, Ж.Арғынбай, Ж.Хайрулла дайындап жүргізіп отырған. Моңғолия көлемінде қазақ тіліндегі алғашқы радио хабар жүргізілгендегі туралы сол кездегі радио комитетінде жұмыстап тұрған қызметкерлердің «Миний радио» атты кітабынан көруге болады. Үкіметтің басты ақпарат ұйымындағы жауапты қызметін атқара жүріп, С.Қабышай халық ағарту ісіне өзінің үлесін қосты. Осы уақыттарда алғашқы әліпбиі «Ересектерге арналған қойын әліппе»,«Моңғолша-Қазақша сөздік», «Монгол-Казах ярианы дэвтэр» секілді қазақ халқының сауатын ашуға аз емес үлесін қосқан еңбектері дүниеге келді. Бұл кезде Ресей, Қазақстан жазушыларының туындыларын моңғолшаға, моңғол жазушыларының туындыларын қазақшаға аударып көптің игілігіне жаратты. Абай Құнанбайұлының өлеңдерін алғаш рет моңғол тіліне аударды.

Моңғолия Халық жазушысы, еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Сұлтан Тәукейұлының бұл кісі туралы: «Жаны жайсаң аға» атты мақаласында: «Қашай интелектуалды адам болды. Оған мыналар куә бола алады. Мен 1962 жылы студент болып Улаанбаатарға келдім. Аузың қайсы десе мұрын көрсететіндей моңғол тіліне шорқақпыз. Күзгі егістіктен келген соң оқу жабдықтарын дайындау үшін орталық алаңдағы кітапхана дүкеніне келіп, әр нәрсеге телміріп тұр едім «Монголша-Қазақша сөздік» деген кітап көзіме іліге кетті. Алып көрсем әуелгі бетінде «Моңғол Халық Республикасының Ғылыми Комитетінің Тіл-әдебиет кабинеті, құрастырушылар: С.Қабышай, Ә.Мініс, редакторы: Б.Құрметбек, О.Тілейхан, 1000-ға жуық сөз, Моңғолдың Мемлекеттік Баспасы, Улаанбаатар- 1954 жыл» деген анықтамалар бар, кәдімгі сөздік екен. Ең соңғы бетінде «баспа редакторы Х.Әукетай, техникалық редакторы Т.Тогтох, корректор Б.Муса». 1954 оны 3 дугаар сард өрөлтөнд оруулж, 8 дугаар сард 5000 ширхэг хэвлэв деген сөздер бар. Бұл ағалардың кім екеніне мән беретін шақ емес. Бір данасы 5 сом 20 тыйынмен сатып алдым. Біздің аға буындар жеткіншек ұрпақ қамын ерте ескергенінің белгісі осы ғой, бұл»-деп жазған.

С.Қабышай 1956 жылы Налайх қаласының Партия Комитетінің хатшысы, Алматыдан мектебін бітіріп келе 1961 жылы Увс аймағының Партия Комитетінің өндіріс, сауда, көлік, байланыс жауаптанған екінші хатшысы, 1963-1976 жылдың екінші айынан Баян-Өлгий аймағының екінші хатшысы, 1976-1986 жылдары Транспорт басқару орнының бастығы қатарлы лауазымдарды абыройлы атқарған мемлекет және қоғам қайраткері. 1986 жылы құрмет демалысына шықты.

Бұл ағамыз туралы ел ауызында айтылып жүретін көптеген қызықты әңгімелер бар. Солардың бірі Өсерхан қажы Мұқайұлы айтқан әңгімесін ұсынып отырмын.

Қабаңның бір әңгімесі

«Аймақтық Партия Комитетінің екінші хатшысы тұрған кезімде Бұлғын сұмынына уәкілге бардым дейді Қабаң. Лақшын (Улаагчин) ауылында ел аралап, Лақшын суын өрлеп жағалап келе жатсақ өзеннің арғы жағындағы бір ауылда, бір жиынды көзім шалып:

– Ана ауылда не болып жатыр?- деп сұрадым. Жанындағы сұмын басшылары:

– Бір кісі қайтыс болып, соған жиылып жатқандар ғой-деді.

– Ол кісі жерленіп пе еді-десем,

– Жоқ, ертең жерленеді,- деді.

– Ендеше, жігіттер аруақ аттап кетпейік. Барып амандасып қайтайық-деп, едім.

– Ойбай, су терең, өткел жоғары, ұзақ десті шуылдап.

– Жаяулап өтерміз. Көлікті бұр –дедім шоферге. Су жағасына келсек шынында су тасыңқырап кеткен, қорым тас екен. Машинадан түсіп, етігімді шешіп, әрбір жерден көрініп жатқан тастарға аяғымды салып жүріп, ептеп өтіп кеттім. Судан өтіп үйге келсек, оң жақта өлік, әйелдер дауыс шығарып, көріс айтып жатыр. Төр алдында сексеннің жуан ортасында-ау дейтіндей аласа бойлы бір сарышал отыр екен. Амандасып, көңіл айтып, жайланған соң:

– Үлкен кісі мына қайтыс болған адам сізге қандай жақындығы бар?- деп сұрадым.

– Інім еді, жасы жетпіс тоғызда,- деді қария. Біраз сөз айқасқан соң көпті көрген, сөз төркінін түсінетін, әзіл көтеретін адам екені белгілі болды.

– Япырай, өзіңіз бір қу шалсыз-ау,- дедім әзілдей сөйлеп.

– Е, қулық жасап не істеп қойдым деді қария сөзіме шап беріп.

– Бүгін негізгі кезек сіздікі екен ғой. Оң жақта сіз жатып, ініңіз сіздің орныңызда отырса болғандай екен дегенім ғой, -дедім қағытпалап.

– Ой, сен кім едің, мені сонша қазбалайтын-деп, қария жылжып таяңқырап отырды. Қасымдағылар мені таныстырып жатыр. Айпарткомның екінші хатшысы Қабышай деген бастық. Аймақтан ел аралап, уәкілге келген десті шуылдасып.

– Е,атыңа қанық екем. Ақылды, парасатты адам ғой деп ойлаушы едім. Құр кеуде, ақылсыздың бірісің-ау деді шегір көзі күлімсіреп.

– Ақылсыз болып мен не істеп қойдым? –дедім, қайыра.

– Мен мына інімді бодауыма берді деп отырсың ба? Алдымда ағам бар, соны алыңдар деп келген жаналғыш періштені маған қарай жібере салса мен қой деді ғой дейсің бе? Өзі ғой бопсаға шыдамай кете барған. Соны да білмейсің бе?- деді. Сөзден тосылдым. Кешірім сұрап басқа әңгімеге көштік. Шәй ішіп болған соң аттандық. Бұл қария атқан оғы жерге түспеген атақты аңшы, сол өлкеге танымал адам екен. Содан екі жыл өткен соң төлдің уәкілі ретінде Бұлғынға тағы бардым. Малшы ауылды аралап, жағдайымен танысып жүрміз. Лақшында бір ауылға ат басын тіредік. Сұмындық жақсы малшы екен. Сол кездегі дәстүр бойынша алдымен малдың қорасына кіріп, дайындығын көрдік. Ол кезде алдымен адамды емес, «Мал аман ба?»-деп малды сұрайтын заман еді ғой. Сосын, әлгі малшының үйіне кірдік. Шәй ішіп енді қайтуға машинаның қасына бара беріп едік, бір кішкентай бала жүгіріп келіп:

– Сіздерді атам келіп кетсін дейді, – деді.

– Атасы кім дегенімде осыдан екі жылдың алдында кезіккен қария екенін естідім. Әттеген-ай, дедім ішімнен. Тағы сүрінетін болдым-ау деп ойладым.

– Неге сол кісінің ауылы деп, айтпағансыңдар, – деп кейідім сұмын басшыларына. Амал жоқ, ақсақалдың үйіне келдік. Бір бөлмелі үйдің төр алдында сол баяғы қария. Қазан жақта ақ шылауышы желбіреп бәйбішесі бір қуырдақтық етті турап жатыр. Шамасы бізге тамақ әзірлеп жатқан тәрізді. Не болса да деп сәлем бермей кірдім. Төрге шығып, қарттың оң тізесін басып отыра беріп едім:

– «Ассалаумағалейкум»-деді қария.

– «Уағалейкумассалам, бұл қай бала?»-дедім қолымды күн салып қарап.

– Баяғыда өзің «өлмедің» деп жазғырған сары баламын ғой, – деді ақсақал ойланбастан. Екі қолын қоса ұстап амандасып, кешірім сұрап жатырмын. Екінші рет жеңілдім. Аузыма айтарға сөз түспеді. Есендік саулық сұрап, жайғасқан соң шәй құйылды. Шәйін құя жүріп кемпір әлгі етті турап жатыр.

– Ақсақал кешіріңіз. Шақыртпай келіп сәлем беру менің жолым еді, білмедім, айып менен. Шақыртып келді демеңіз. Ана тамақ бізге арналып жатса пейілдеріңізге рахмет. Әуре болмаңыздар. Жұмыс жәйі солай. Дәм таттық қой. Біз осы шәйді ішіп аттанайық дедім қарияға.

-А пырай-ә, кемпір бағана дайындай бер деп айтып едім. Енді мыналар ширығып асығып отыр ғой. Болса шідер, болмаса тұсамыс бар ма? Мыналарға салып қоятын, – деді, бәйбішесіне қарап. Тағы не бүлдіріп алдым екен деп ішім бүлк етті. Бәйбішесі орнынан тұрып, ыдыс-аяқ сөресінен екі бөтелке көк мойынды алып, дастарханның шетіне әкеп қоя салды.

– Жә, болды. Енді қуырдақ тұрмақ мал сойсаң да тапжылмастай етіп бекіттік. Тамағыңды істей бер,-деді қария. Есті сөзге есер ғана қарсы шығады. Аузым жабылды. Аяғым тұсалды. Енді бірдеңе деу есерлік болатынын түсіндім. Үндемедім.

– Е, қарағым! – деді қария әңгіме үстінде, замандарың осылай. Үкіметтік шаруа қауырт кез. Оны түсінем. Бағана отауға аймақтан басшылар келді деген соң сұрастырып сен екеніңді білдім. Басқа біреу болса шақыртпас едім. Ана жылы жаяу судан өтіп, аруақ аттамай келгеніңді көріп, сөзге алымды, қазақы салтқа берік, көргенді, білімді азамат-ау деп топшылап едім. Сол үшін шақырттым. Айып етпе, қарағым. Дегенмен бір жерге барғанда, «ауылдың үлкені бар ма ?»-деп сұрап, бар болса үлкендеріне бұрылып сәлем беріп, өтірік те болса хал жағдайын сұрай салып жүрсеңдер кәрілер қуанып қаламыз. Кәрісін сыйласа жастары жанын беретін халықпыз ғой. Осыны естеріңе ұстай жүрсеңдер теріс болмайды, – деп әңгімесін түйіндеді.

Осылайша, көп адамға сөзден дес бермеуші едім, Бұлғынның бір қариясынан үш рет сүрінгенім бар. Содан кейін қайда барсам да ақсақалдарға бұрылып сәлем беру әдетіме айналды. Кейінгілерге сабақ болсын. Ел ішінде талай асыл, әндігерлер бар ғой» – деп Қабаң бір хикая айтып еді.

Қабаң әңгіме айтқанда кітап оқып отырғандай әсер алушы едік. Ауызы дуалы, жастарға тек үлгі өнеге болатын әңгіме айтатын адам еді. Иманы жолдас болсын.

Тілеубек ШЕГІРТКЕҰЛЫ

Мақала “Шұғыла1” журналының 2023 жылғы №1 санынан алынды