Жуықта Тайландтың Бангкок қаласында Азия, Тынық мұхит елдерінің Базалық және ғұмырлық білім қауымдастығы (ASPBAE) ұйымдастырған жастардың “Алалаушылыққа қарсы стратегия әзірлеу” семинары мен Тұрақты даму мәселесі жөніндегі Азия, Тынық мұхит елдерінің форумына (APFSD) қатысудың сәті түсті.
Осы қарсаңда көзбен көрген, біздің қоғам мен азаматтарға қажет болар-ау деген кейбір ақпараттарды өздеріңізбен бөлісуді жөн көрдім.
Тайланд – Оңтүстік-Шығыс Азияда орналасқан мемлекет. Оңтүстігінде Малайзиямен, шығысында Камбоджа және Лаоспен, батысында Мьянмамен шекараласады. Астанасы – Бангкок қаласы. Қаланың толық аты “Крун Тхеп Маханакхон Амон Раттанакосин Махинтараюттхая Махадилок Пхоп Ноппарат Ратчатхани Буриром Удомратчанивет Махасатан Амон Пиман Аватан Сатит Саккатхаттийя Витсанукам Прасит”. Бұл әлемдегі ең ұзын астана атауы ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген. Мағынасы “Періштелер қаласы”.
Елде 70 миллионға жуық халық бар. Оның 12 миллионнан астамы Бангкок қаласында өмір сүреді. Халқының 95 пайызы будда дінін ұстанады. Мемлекеттік тілі – тай тілі.
Тайландты 1949 жылға дейін Сиам деп атаған көрінеді. Мемлекеттік құрылымы – Конституциялық монархия. Ел патшасын әжуалауға, мазақ етуге заңмен тыйым салынған.
Тайланд – экономикасы тұрақты, индустриялы мемлекет. Ішкі жалпы өнімі – 1,3 триллион АҚШ доллары. Жан басына шаққанда 20,7 мың АҚШ долларынан келеді. Табысының қомақты бөлігі – саяхат саласынан түседі. Ковид-19 пандемиясынан бұрын ел астанасы Бангкокқа жылына шамамен 25 миллионнан астам адам саяхаттап келіп тұрған.
Бұл елге неліктен саяхатшылар келуге құмар?
Тропикалық әсем табиғаты, тарихи ескерткіштердің, орындардың көптігі, қонақ-үй, транспорт бағасының қолжетімділігі, қонақжайлылық, даяшылық сапасының жоғары деңгейде болуы туристерді еріксіз осы елге ат басын бұрғызады. Әуе тасымалы ерекше дамыған. Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің әуе тасымалының көптеген маршруттары Тайланд арқылы өтеді. Біз түскен Суварнабхуми халықаралық әуе жайынан әрбір 5 минут сайын ұшақ ұшып, қонады. Әуежайда 20 есік бар. Бір шетінен келесі шетіне жаяу адам 20-25 минут жүріп жетеді.
Тайланд әуежайына түсе қалған сәттен бастап адамдардың сыпайы қарым-қатынасына еріксіз тәнті боласыз. Қауіпсіздік талаптарын барынша сақтаған, таза, жайлы таксилермен қалаған жеріңізге оп-оңай жете аласыз. Такислері құзырлы орындарда арнайы тіркеуде тұрады. Сізді алып жүріп келе жатқан жүргізушінің аты-жөні, телефон номері, шұғыл жағдайда құзырлы орындарға хабар беретін байланыс номерлері, қанша шақырым жол жүргеніңіз, оған қанша ақша шыққаны, қандай жолмен кетіп бара жатқаныңыз, көздеген жеріңізге қанша уақытта жететініңіз туралы ақпарат алдыңыздағы экраннан анық көрініп тұрады.
Біз түскен қонақ үй жоғарғы санатты емес, орташа деңгейдегі қонақ үй екен. Қонақ үйдің алдына такси тоқтасымен қонақ үй қызметкерлері иіліп қарсы алып, жүгімізді көтеріп, құрдай жорғалап әп-сәтте бөлмеге орналастырды. Қонақ үйдегі барлық әжетқаналарда дәрет алатын шүмектер орналасқан. Қай діннің өкілі түссе де ғибадат жасайтын, намаз оқитын арнайы бөлмелері де бар. Туристік агенттік, ақша айырбастайтын орын, бәрі осы жерден табылады. Бассейн, фитнес бөлмелерін қонақтар тегін пайдаланады. Асханалары да әлемнің әр түкпірінен келетін адамдардың талғамын толық ескерген. Халал тағамдар, жан-жануарлардың етін жемейтін вегетариандарға арналған тамақтар, ащы-тұщысы бәрі бар. Қонақ үйде қонақтарды бірнеше сағатпен, жарты немесе бүтін күнмен қолжетімді бағамен алып жүріп, қаланың көрікті жерлерін, тарихи орындарын аралататын туристік қызметкерлер де бар. Жоғарыда айтылған даяшылық түрлері барлық қонақ үйлерге тән.
Менің назарымды аударған тағы бір нәрсе – мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған тете құрылым мәселесі. Жол, даяшылық орындары, саябақтар, музей, тарихи орындар, әжетхана, жуынатын бөлмеге дейін мүмкіндігі шектеулі азаматтар емін еркін-кіріп шығатындай жағдай жасалған. Мүмкіндігі шектеулі, арбада отыратын азаматша бізбен бірге саябақ, Ват Арун храмын, Платинум сауда орталығын аралап, қайыққа отырып қыдырып келді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың таксиге отыруында да сондай бір қиыншылық жоқ.
Осының бәрін түк көрмеген адамша не үшін тізбектеп айтып отыр деп таң қалуларыңыз мүмкін. Оның себебі, біздің елде, аймағымызда саяхат саласын дамытамыз деп жатырмыз. Менің түсінгенім, саяхатшыларды өзімізге тарту үшін көркем табиғат жеткіліксіз екен. Жайлы қонақ үй, сыпайы, қарым-қатынас мәдениеті өте жоғары, жоқ дегенде ағылшын тілін жеттік меңгерген даяшылық қызметкерлері, әр түрлі елден келетін қонақтардың талғамынан шығатын дәмді ас мәзірі, шетелдік саяхатшылардың мәдени және басқадай ерекшеліктерін ескерген сапалы қызмет, такси, тете құрылым, қауіпсіз орта ауадай қажет. Осы сала мамандарын саяхат даяшылығы жоғары дамыған елдерге жіберіп, тәжірибе жинақтау аса қажет екендігі көрініп тұр.
Журналист, Нұрболат Өнерханұлы