100 шаршылық дойбыдан мемлекеттік бірінші дәрежелі спортшы, Өлгий сұмыны “Бастама” мектебінің 12-сынып оқушысы Еркегүл Бұрқасынқызымен жас тілшіміздің өткізген сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

– Еркегүл әпке, менің өз басым дойбыға сырттай қызығамын. Бұл спорт ойлау қабілетін шыңдауға үлкен септігін тигізеді деп білемін. Ал, сіз бұл пікірмен келісесіз бе? Жалпы осы салаға бет бұрғаныңызға қанша уақыт болды?

– Әрине, кез-келген нәрсені тез жаттап алу үшін дойбының тигізетін пайдасы зор. Ата-анам бос уақыттарында үнемі дойбы ойнайтын. Балабақшадағы кезімде сол кісілердің ойынын қызықтап үйреніп жүрдім. Алғаш 6 жас шамасында жарыстарға қатысып бастадым.

– Сонда бұл қабілет сізге отбасыңыздан дарыған деп көруімізге болатын шығар? 

– Ия, әрине, менің дойбыға бейімделуіме отбасым көп демеу көрсетті. Сонымен қатар ұстаздарым, қарсыластарымнан да үйренгенім көп.

– Осыған дейін қандай ұстаздардан сабақ алдыңыз?

– 9-сыныпқа дейін Ногооннур мектебінде оқыдым. Сол мектепте Нұрлан деген мұғалімім мені жаттықтырды.Аға сыныпқа көшерде Бастама мектебіне ауысып келіп, қазіргі таңда дайындықты өз бетіммен жасап жүрмін. Белгілі дайындық кестем жоқ бірақ, бос уақытымды осы дойбыға арнауға тырысамын.

– 6 жасымда деп жатырсыз ғой, сол кезден қазірге дейін жеткен негізгі жетістіктеріңізді айтып бере аласыз ба?

– Мектеп көлемінде дәстүрлі жүріліп тұратын мектеп саңлағын анықтау ойындарында 1-орынды биылмен 12 жыл иелендім. Аймақтық спорт саңлақтарын анықтау бәсекесінде 8 жыл қатарынан 1-орын иеленіп, 1-дережелі спортшы атандым.

– Осындай жетістіктерге жету үшін ұстанған белгілі қағидаларыңыз бар ма?

– Мен, көбінесе өзімнен жоғарғы дәрежедегі ойыншылармен дайындық жасауға тырысамын. Сол арқылы көп тәжірибе жинауға болады. Ең бастысы әр күні жаттығуды үзбеуім керек дегенді өзіме талап етемін.

– Осы спортқа қызығушы өзіңізден кейінгі бауырларыңызға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз…

– Жалпы дойбы қырағылықты талап ететін спорт. Ойын басталғанда назарыңды тек осыған шоғырландыр дер едім. Содан кейінгі басты шарт – бала тұрақты дайындық жасап, жеңіліп қалса да берілмей жаттыға берсе түбі жетістікке жетеді деп ойлаймын.

– Болашағыңызды дойбымен байланыстырасыз ба? Алға қойған негізі мақсатыңыз қандай?

– Алла бұйыртса, мектепті бітірген соң, Қазақ еліне барып, сонда мұғалім мамандығын игерсем деймін. Дойбыны тастамаймын, ары қарай да өзімді шыңдап, халықаралық додаларда бақ сынасам деген арманым бар.

Сұхбаттасқан: “Бастама” мектебінің 11-сынып оқушысы, жас журналист Арай Мұқарапқызы