Қазіргі қазақтар мен олардың ата-бабалары Орта Азияда, соның ішінде қазіргі Қазақстан, Моңғолия, Ресей, Қытай аумағында, Алтай тауының төрт тарабын айнала тіршілік еткен. Бұл көне археологиялық қазбалар, тарихи ескерткіштер, сондай-ақ ауыз әдебиеті мен жазбаша деректер, қазақтың өз шежіресі негізінде ғылыми түрде дәлелденген нәрсе.
Бұрын салт-сана деп айтылатын ұғымды соңғы кезде ғалымдар діл деп атайды. Діл деген ұлттық болмыс, ұлттың ерекшелігі болғандықтан тіл, рух, әдет-ғұрып, салт дәстүр, ұлттық сана, тарихи жад барлығы кіреді. Ділді ғылыми тілде менталитет дейді.
Қазақ 20-шы ғасырдың табалдырығын салтатты жауынгершілік пен көшпенді мал бағушылық салтымен аттады. Мұның өзі бір тектес өмір салтының жеке-дара әбден шыңдалуына, бірыңғай салт-дәстүрдің қалыптасуына негіз болды. Өзге жұрт сенім-нанымын да мың құбылтып, адамдық тұрғыда азып, жеке адамды қанау, басқа елді отарлауға ден қойғанда қазақ кең далада өзінің еркін өмірін өзгеден қорғап, ата-баба жолын жалғастыруды мұрат етіп, іштей кемелденді. Оның үстіне отты қару пайда болып, техника мен технология енгенге дейінгі уақытта ат жалында өскен салттаты көшпенділердің ең рухы мықты қаһарлы күш болғаны сөзсіз.
Қазақтың шежірешілдігі басқа еш халықта жоқ қасиет. Қазақтың тарихшылдығы, тарихи санасының сергектігі оның ұзақ ғасырлар бойғы көшпенді өмір салтына сабақтас Ұланғайыр аумақты иеленген көшпенділер адамзаттың ұлы өркениеттерінің жалғастырушысы, халықтар арасындағы мәдениетті алмастырушы қозғаушы күші болды.
Қазақтың жыршы, күйші, ақынжанды болатындығы, ой-қиялының ұшқырлығы да ашық аспан астындағы әсем табиғат аясында бастан асатын қауырт шаруадан босай қалғанда кейде қамсыз-мұңсыз көсіліп, кейде кенет абыр-сабыр жанталасқан аласапыран тіршілігінің арқасы болар.
Ешкімнің құлы емес, даланың ұлы боп туған көшпенділер үшін өз өмірін реттеп, үйлестіру, басқаруда салт-дәстүр, әдет-ғұрпының орны ерекше болды. Көшпенді қазақтың салт-санасы адамды жатсынбауға, барлық адаммен бауырмал болуға, біріне-бірі арқа сүйеп тіршілік етуге, басқаға қиянат жасамауға, табиғатты аялауға үйретті. Сұраса келе білісіп, білісе келе туыс боп кету танымайтынмен таныстырып, туысын таптырып, көршісін туыс қылып, туысын ел қылып, танымайтын жұртқа қызын ұзаттырып, алыс жерден келін түсіртіп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, көшпенді халықтың өрісін кеңейтті.
Қазақ – сан ғасыр қандастық негізінде ру-тайпа, ұлыс, мемлекет дегендей үлкенді-кішілі қауымдастық құрған халық. Ата-бабаларымыз ежелден «Қырық рулы елміз, қарға тамырлы қазақпыз» деп туысқандықты, қандастықты, береке мен сыйластықты дәріптеп келген. Қазақтың дәстүрлі шежіресінде ататекті қуып, қандастық, туысқандық негізінде шежіре таратып, тұтас бір ұлттың шежіресін қалыптастырады. Иісі қазақ баласы жөн сұрасқанда ең әуелі «Руың кім? Сүйегің қай ел?» деп сұрайды. Бұлай жөн сұрасу – ата-бабаларымыздан қалған асыл салт. Қазақ баласы өз ұрпақтарына жеті атасын жаттатып тәрбиелеген. Жеті атасын білмеуді тексіздік, ұят, намыссыздық деп білген.
Әдетте адам отбасында қалыптасады. Отбасы ұрпақ аралық тұтастықтың отын жағушы, туыстардың береке-бірлігінің бастауы болғандықтан қазаққа ең жақын, ең қасиетті ұғым.
Қазақ отбасының ерекшелігі – жасы кішісінің үлкеніне «сен» деп сөйлемеуі, алдын кесіп өтпеуі, үлкен тұрып кішінің, әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың орынсыз сөйлемеуінде, үлкендердің сөзіне килігіспеуінде. Керек десеңіз, сақалдың өзін үйдің үлкені, яғни әкесі ғана қояды. Ұлдарына әкесі тірі кезде сақал қоюға тыйым салынған. Қазақ отбасындағы үлкенді құрметтеу әдебі адамгершілік сезімдерінен туындаған. Ағайын-туыстар алтын діңгек болған «үлкен үйге» сәлем беріп, ата-анасының амандығын біліп, хал-жағдайын сұрап, анда-санда кіріп дәм татып тұру парыз саналады.
Қазақ қанша туысшыл болса да жеті атаға дейінгі туысқандар арасында қыз алысып, қыз беріспейді. Қазақ бұл дәстүрін өте қатаң ұстанған. Себебі жеті ата шежіресі тек туыстықтың белгісі ғана емес, қан тазалығының, яғни ұрпақтың денінің саулығы мен рухының биіктігінің, санасының ояулығының кепілі. Еңлік, Кебек, Қалқаман, Мамыр сияқты бұл дәстүрді бұзған дүбәраларды өлім жазасына кескені де сол жеті атаның бұлжымас заңы болғандығының айғағы. Шежірешіл қазақ туыстықты бұзып, рулы елдің бетіне шіркеу келтіретін осындай әбес қылықтардан аулақ болған. Қазақ жігіттері елінің амандығы мен жерінің бүтіндігін ат үстінде жүріп қорғаса, қазақ қыздары тал бесікке асылып отырып-ақ ұлттың мәдени, рухани тұтастығын қалыптастырған. Жеті ата салты қазақтың барлық жөн-жоралғы, әдет-ғұрып, салт-дәстүріне арқау болған.
Адамның 7 атасының қанын былайша ғылыми тұрғыда есептеп көруге де болады: 50% – 25% – 12,5% – 6,25% – 3,125% – 1,5625% – 0,78125%. Яғни 7 атадан кейін адамның қаны, немесе туыстығы алыстайды.
Қазақ халқы өз ұрпақтарына ғасырдан ғасырға ұлт қасиетін салт-дәстүрмен, өнегені әдет-ғұрыппен, үлгіні жөн-жосықпен, әдепті ырым, тыйыммен санасына тоқып, бойына қондырып, тәрбиелеп, ұлағатты ұл, инабатты қыз өсірген. Ұлттық тәлім, салт-сана ғана адамның рухын оятып, ділін ұштайтын қару, адамгершілік тәрбиесінің ең сенімді жолы екенін өмір көрсетті. Діл дегеніміз халықтың салт-санасы, діл – ол салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ән-күй, өлең-жыр, ырым-тыйым, киген киімі, ішкен асы, күнделікті өмір салты, тұрмысы барлығын қамтитын ұғым. Қысқасы, рухтың көзі, тілдің арқауы, намыстың ұйытқысы, ұлттық коды.
Мыңдаған жылдар бойы қалыптасып, халықтың санасына сіңіп, өшпестей болып тарихына жазылып қалған шашу, сүйінші, көрімдік, байғазы, базарлық, сарқыт, сәлемдеме тәрізді берекелік, берегендік ғұрыптары, бала дүниеге келгендегі шілдехана, ат қою, бесікке салу, қырқынан шығару, тұсау кесу, тілашар, бәсіре рәсімдері, үйленгендегі қыз айттыру, құда түсу, қыз ұзату, жар-жар айту, келін түсіру, бетін ашу, қоржын салу, киіт кигізу, шапан жабу, жасау беру, отау көтеру, құдалық шай беру, құйрық-бауыр жесу сияқты қасиетті әдет-ғұрып, күнделікті өмірдегі сәлем салу, жол беру, ат тергеу, қонақасы беру, дастархан жаю, табақ тарту, ас ауыз тигізу, асату, қонақ кәде, тамыр болу, асар, сауын салу, көңілін сұрау, бастаңғы, ерулік, тоқым қағар қатарлы елдігімізге ұйытқы болған асыл салт-дәстүрлеріміз, айтыс, бәйге, күрес, көкпар, қызқуар, теңге ілу, нысана ату, асық, ақсүйек сияқты ойындарымыз, ойын-сауығымыз, наурыз сынды ұлттық мейрамымыз, домбырамыз бен бүркітіміз, әніміз бен күйіміз қазақтың адамдық қасиеті мен ұлттық болмысын құрайды әрі басқа ұлттардан ерекше көрсетіп, мерейін тасытып, даңқын асырады. Қазақ ежелден қуаныш пен қайғыны, жақсы-жаман хабардың бәрін рухы мен ділі, арман-мұраты мен мұң-шері, сағынышы мен сыры саз болып сіңген домбырасының үнімен жеткізген. “Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра” делінетіні тегін емес. Ал көшпенділердің көшпелі театры, шешендіктің сыны, әділеттің мінбері, жаңалықтың жаршысы іспеттес айтыс тойдың қызығы мен мәртебесін көтереді, әрі айтыстың әр шумағы рулы елге жаңалықты жеткізіп, өнеге мен тәлім, хабар-ошар, дерек пен мәлімет таратады.
Туыс адамдар қуанышты, қайғылы күндерді бірлесіп көтереді, ат салысады, көмек береді. Бұл – туысқандық пен бауырмалдықтың белгісі.
Қарттарға сәлем беру, науқастың көңілін сұрау – азаматтық үлкен міндет, үлкен адамгершілік.
Жігіт қызға, үлкен ақын жас ақынға, кәнігі балуан жас жігітке де жолын береді. Бұл – мәрттіктің, қазақы қалыптың шын белгісі.
Үй иесі қонақ аттанарда одан «Бұйымтайыңыз бар ма?» деп сұрайды. Бұл «қаларыңыз, тілегеніңіз бар ма?» деген сөз. Қонақтың тілегін орындау парыз саналады.
Қазақта еш іс батасыз басталмайды. Бата дегеніміз қандай бір істің алдында, үлкен істі қолға аларда істің ілгері болып, сәтті аяқталуына ниет етіп, көп болып тілектес болу үшін айтылатын тілектің ең жоғарғы түрі деуге болады. Себебі бата айтылғанда айтушы да, бата алушы да айтылған тілекті беріле тыңдап, жан-дүниесімен сезінеді. Оған бата беру барысына қатысушылар да шын жүректен тілектес болады. Бір сөзбен айтқанда, бата адамды ізглік пен жақсылыққа бастап, рухын жебейді, табысқа жетелейді. Адамдардың сана-сезімін баурап, сәттілік пен бақ, игілік, бақытқа жұмылдырады. Әсіресе жаңадан үйленіп, үй болып, отау көтеріп жатқан жас жұбайларға, алыс жолға аттанып бара жатқандарға, өмірдің бір үлкен белесіне аяқ басқандарға бата үлкен жебеуші күштей әсер етіп, жол сілтеуші шырағданға айналады.
Қазақ хандары мен билері, ауылдың ақсақалдары халықтың дәстүрлі әдеп заңдары болған әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін көздің қарашығындай қорғады. Ел арасындағы салтты бұзып, дәстүрді бұрмалаған тентектерді тежеп, сынға алып, аямай жазалап, қатаң тәртіпке салып, тәрбиелеп отырды. Соның нәтижесінде қазақ халқының асыл дәстүрлері мәнінен айрылмай, қалпын бұзбай ғасырлар бойы сақталып қалды. Қасымханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Әз Тәукенің жеті жарғысы сынды мемлекеттік заң-ережелердің өзі кезінде қазақтың салт-дәстүрін қорғау үшін бекітілген.
Салт бұзылса, ұрпақ бұзылады, ел азады. Азғын ұрпақтан ұлағатты ұлт шықпайды. Мемлекет құрылмайды. Ұлтты ұлт ретінде танытатын нәрсе – ана тілі, салт-сана, діл, ұлттық салт- дәстүр, әдет-ғұрып, ұлтқа тән ою-өрнек, қолөнер, ән-күй, өлең-жыр, ұлттық дүниетаным, бір-біріне деген туыстық, жанашырлық сезім. Бұның барлығы – бізге бабалардан қалған аманат. Ал аманат – қазақ үшін өмір мен өлімнен де күшті қасиетті ұғым. Аманаттан айныған адам оңбайды.
Журналист, аудармашы Самат Насырұлы