үй Әдебиет “Келемін. Елдің артын жиып келемін!”

“Келемін. Елдің артын жиып келемін!”

Назарларыңызға ақын-жазушы, филология ғылымдарының кандидаты Бақытбек Бәмішұлының ақын Кәкей Жаңжұңұлы жайлы “Келемін. Елдің артын жиып келемін!” мақаласын ұсынып отырмыз.

«Естисің бе даусымды»… Бұл – 1990 жылы Алтайдың ар жағынан атажұрттағы ағайынға ақын Кәкей Жаңжұңұлының жолдаған аманат үні еді. Осы бір аманат үннің ақыры ақтық-аманатқа айналарын ешкіміміз білмедік. Жазмыш солай… Ақын аманат сөзінің ақырын күте алмай аспанда алыс сапарға кете барды (1993ж).

Еліміз егемен болғаннан кейінгі жылдарда сана бостандығына да иелік еттік. Қоғамға, өмірге, айналамаызға өзгенің емес, өз көзімізбен қарай бастадық. Мұндай құбылыс қоғам өмірінің барлық саласында байқалады. Соның ішінде көркем әдебиеттегі серпілісті ерекше бөле жара атауға болады.

Бұрын қазақтың көркем әдебиеті тек қазақстан шекара аумағымен ғана шектеліп, шет елдердегі өзіндік өзгешеліктерімен қалыптасып, дара дамып қазақ әдебиетінен ойып орын алатын, олқысы болса толтыратын, кемтігі болса жетілдіретін көрем әдебиет жөнінде жөнді, мардымды пікір де айта алмадық, өзімдікі деп санап санатқа да қоса алмадық. Дұрысы ауызға қақты. Бүгін шет елдерде қазақ әдебиеті жасайды, ол қазақ әдебиетінің қомақты бір қабырғалы бөлігі десек ел болғанның арқасы. Алайда, алыстағы ағайынның қал-жағдайынан мүлдем бейхабар болдық десем шындыққа жатпайды. Сол  бір «біз ғана мықтымыз, бізден басқаның бәрі жаман» деген заманда да қысқа қайырып болса да, үзіп-жұлып болса да, ара-тұра аса ерлікпен шет елдерде де қазақтың небір керемет сүбелі сүрі жамбастары жатқанын байқатып отырды.

Мәселен, 1972 жылы «Жазушы» баспасынан Баян-Өлгей аймағының ақындары мен ауыз әдебиет өкілдерінің «Бозінген» атты жинағы Соян Қаржаубайұлының құрастыруымен жарық көрді. Атына заты сай жинақтың ішінде мынадай жолдар бар еді.

Қазақпын қаз мойыны ойнақтаған,

Ой да баққан, бір ыңғай қой бақпаған.

Ер елдігім ешкімді жатсынбаған,

Тереңдігім ешкімді бойлатпаған.

Осы өлеңнің авторы бозбала Кәкей болатын. «Әрине, өлеңнің толық нұсқасы берілмеді, бар жоғы төрт шумағын ғана кесіп алдық. Осының өзіне тәубе дедік» дейді бүгінде Талдықорған қаласы тұрғыны Соян Қажыбайұлы.

Жиырмадан енді асқан жасында «Мен қазақпын» деп төсін соғып, екінің бірінің дәті жете бермейтін өрлік көрсеткен Кәкей еліне ерте танылған кісі.            11 жасында туып-өскен өлкесінің жеке сұмын (аудан) болып құрылуының жиырма жылдығына орай өткізілген он күндікте атқа жеңіл, қаңылтақ, жұп-жұқа сары ауыз бала-қыран барша жұрттың көңілінен шығады. Осыдан не бары сегіз жыл өткенде өзі,

Таулы Бұлғын, ойлы  Бұлғын, түз Бұлғын,

Көктем Бұлғын, көк өрім тал, түз  Бұлғын.

Жұмақ Бұлғын, ж ұлдыз  Бұлғын, жыр  Бұлғын,

Қызыл Бұлғын, қымыз Бұлғын, қыз Бұлғын,– деп жырлаған жұмақ жерінің тума ақындарының «Бұлғын әуендері» атты жыр жинағында (1966ж) алдын бастайды. Бастағанда:

Сан жүректер сырына ,

Жақын болғым келеді.

Қанат беріп жырыма,

Ақын болғым келеді,– деп бастайды. Бұл оның бала жасында-ақ айқындап алған бағдар шамы еді. Сол ұстанған бағыт-бағдарынан айнымастан айтқанына жетті. Ақын да, адамға жақын да болды. Жаратылысы қандай биязы болса, өмірі де сондай жайма-шуақ, төңірегіне жеңіл әзіл тастап, айналасына нұр шашып, пендешілікке бой алдырмай, ақындық пен адамгершіліктің қос тізгінін тең ұстаған, «жайнаған туы жығылмай, жан біткеннен түңілмей» (Абай) өмірден жақсы өтіпсің дегізген жан.

Кәкей Жаңжұңұлының ақын болып қалыптасуына отызыншы жылдардың ойраны мен қырқыншы жылдардың қырғынынан («Құжырты қылмысы») аман қалған жырынды ұрпақтың ат төбеліндей бір шоғыры – шежіре қарт Мұзбай, жырау Мәлғажы, әңгімесі ән салғандай Зайнолда, жазушы Жақсылық қатарлы туған жердің тума таланттарының тәрбиесі, олардан тыңдаған кеңесіні зор ықпал етті. Ол үшін де құйма құлақ, дарын болуға керек? Құйма құлақтық пен дарын тамыры тереңде жататын, тұқым қуалайтын табиғи заңдылық. К.Жаңжұңұлы атасы тарапынан қазақ тарихына әйгілі Ер Жәнібек шешеннен бастау алатын, Қотырақ, Қондыбай ұрқы. Ал анасы Бәтима шешей жасында көп айтысқан, сөз зергері. Ұзын бойлы, тіп-тік, жүрісі жылдым, аппақ шатырадай шылауышы жер сызған, мұнтаздай ақ сары кісі еді. Бір тізерлей отырып, кимешекті құлаққа қарай сәл ысырып қойып, маңдайы тепшіп сөйлегенде, пай-пай-пай, ұзаққа шабар жүйріктей көсіліп кететін шешенді. Менің шешем төркін қып, о кісі қайын сіңілім деп жан тартып екеу ара күрең шайды жеке демдеп қойып кеңесті соғып отырғанын бала күнімізде талай көрдік. Оның үстіне «әйгілі ақын Кәкейдің шешесі» деген дақпырты жер жарған атағы да өзіне назарды ерекше аудартса керек. Бұл күнде Кәкей дегенде көз алдыма алдымен жарықтық анамыз Бәтима келеді. «Алып анадан» деп халқымыз бекер айтпаса керек.

Оныншы класты үздік бітіріп аймаққа әйгілі болған бозбала ақынды ел де, сол кезде ел басқарған ат үстіндегі азаматтар да ерекше қолдап, оның Қазақстаннан білім алуына аса ден қойыпты. Өйткені Кеңестер Одағы, сондай-ақ, басқа достастық елдеріне баратын жолдамаларға жолатпай саф алтындай сақтайды. Алайда, бір-екі жыл Қазақстанға жіберуге қолдары жетпейді. Өкімет пен партия Баян-Өлгей аймағының қазақ тілі пәнінің маманына зәру екенін біле тұра, жұмған жұдырығын ашпайды. Сөйтсе де ел тілегі ескеріліп, Кәкей Қазақтың Абай атындағы Педогогикалық Институтына оқуға түседі. Алыстағы ағайынның арман қаласы Алматыда шыңдалып, жетіледі. Сол кездегі қазақтың тұлпарлары мен тұяқ қағыстырып, үзеңгі соғыстырады. Жырлары қазақ баспасөз беттерінде жарияланып, өлеңдеріне ән жазыла бастайды. Арман қала Алматыда жүрсе де, ауылын, анасын, Алтайын аңсайды.

Барам, апа, көктемде,

Жаңбыр жауып өткенде.

Алтай алқа таққанда,

Бұлғын сылдыр қаққанда.

«Бұл күнде осы ән қазақ радиосынан беріліп жүр. Әттең, осы бір маржандай төгілген шумақтың «Бұлғын сылдыр қаққанда» деген жолы «Бұлақ сылдыр қаққанда» болып бұзылып айтылып жүргені түзетерлік». (А.Мауқараұлы).

Кәкей бізге мүлдем бейтаныс тұлға емес. Онымен бірге оқыған курстастары, көз көрген құрбы-құрдастары, қызметтес болған замандастары, әдебиетші қауым, ең бастысы жырларынан ләзат алған оқырманы бар. К.Жаңжұңұлы жырлары жөнінде мемлекеттік сыйлықтың лауераты Несіпбек Айтұлы «ұшақ апатынан опат болған ақын досым Кәкей Жаңжұңұлы аруағына» арнаған өлеңінде студенттік жылдары жайлы «Мұқағали ағасындай тез оралған Мәскеуден, Алматыда қоштасқан әлі есімде бір жылы» деп еске түсіре отырып, «Ақ сауыттай елес беріп ақ боз үйдің тұлғасы, найза ұшындай жылтылдайтын арулардың сырғасы» (// «Қазақ елі», №23-24,25.10.2007ж) деп оның өлеңдерінің сулулығына, көнеден тартар көмекейін аңғартады. Ал кеңестік маман, біраз жыл Баян-Өлгейде қызметте болған ақын Лайық Тоқайұлы «табиғатынада Кәкей сегіз қырлы, бір сырлы еді. Ол керемет талғампаз, таза жанды, мөлдір сезімді, лирик ақын еді… Тұңғиықтағы тұмадан нәр, аспанмен астасқан Алтай тауларының асқар биіктерінен нұр емген тамаша талант иесі» (// «Көш», №01, 2007ж) дейді. Ол тек бағалап қана қойған жоқ, Кәкейдің шырақшысына айналып, ақын туралы «Тау қыраны» атты естелік кітап жазып, Алматыда бастырды.

К.Жаңжұңұлы ақындықпен мал тапқан адам емес. Аршыл, ақындығымен азаматтық борышын адал атқарған адам. Қай заманда, қай кезеңде жазса да оның өлеңдері айқын да, жарқын, жалтақсыз. Көкейгесті мәселені дер кезінде қозай, қаузай білді. Қоғамдық келеңсіздіктерді көрсету өлең икеміне келмеген кезде қаламын өткір сатираға бұрған – «Жебе». Ал құлашын кең сермер тұста адымы арыс – жазушы. Архивінде қанша дүниесі қалғаны бізге әзір бимәлім. Мынау «Қасқыр» әңгімесі – ұрпағыңды бір-бірлеп (кезең-кезеңімен) жалмаған зұлмат заманның зұлымдығына, бодандыққа қарсы саясттың салқыны соғып тұрған, «ашылып сайрамайтын» кезде, «өткізу үшін шындықты, ішіне өтірік қоспаған» классикалық шығарма. Қазақтың ХХ ғасырының 100 әңгімесінің қатарынан орын алатын бірегей туынды.

Кәкей Жаңжұңұлы өмірінің көбін әдеби мұраларды жинап, халық игілігі етуге жұмсады. Оның зертеушілік, ғалымдық қыры осы тұстан еркін аңғарылады. Ғұмырының қалыптасуы мен қанат жаюының жиырма жылын Баян–Өлгейде өткізген, К.Жаңжұңұлының сөзімен айтар болсақ, «өзі ғұмыр кешкен Алтай мен Қобда бетіндегі ҚХР мен МХР қазақтарына ғана емес, күллі қазақ халқына ортақ дүлдүл ақын, ғұлама ағартушы, ірі тұлғалардың бірі» Ақыт Үлімжіұлының шығармаларын жинап, зерттеп, зерделеп, тұңғыш рет ғылыми айналымға енгізушілердің бірі, зертеуші, ғалым. Оның еңбектерін 1991 жылы Өлгей қаласында «Қажыбаян» деген атпен бастырды. Алайда, Ақыт Үлімжіұлы еңбектеріне елімізде әлі күнге дейін тиянақты зерттеу жүргізіліп, тиісті баға берілген жоқ.

Кәкей Жаңжұңұлы белгілі ақын Имашхан Байбатырұлымен бірлесіп Моңғолия қазақтарының көркем әдебиетінің негізін қалаушыларының бірі, драматург-жазушы, әрі аудармашы Құрманхан Мұхамәдиұлының шығармаларының толық жинағын құрастырды. Осы жинақ К.Жаңжұңұлының отыз беттік талдау жасаған кіріспесімен 1983 жылы жарық көрді. Құрманхан да қазақ әдебиеті үшін ашылмаған кеннің бірі болса керек.

К.Жаңжұңұлының ел көңілінен шыққан, шыққанда бұрын-соңғыда ешкімнің батылы бармаған, барды, ойы болды деп көргеннің өзінде орындай алмаған, көрнекті әрі шоқтықты, шоң ісі – Баян-Өлгей аймағында тұңғыш рет «Отырар сазының» сарынындай көнеден күй тартқан, ұлттың байырғы аспаптарынан жасақталған «Мұрагер» атты ансамбль құрып, оған өзі жетекшілік етіп, қазақ халқының ежелгісі мен бүгінгі өнерін бүкіл ел көлемінде насихаттауы болды. «Мұрагер» үлкен мұраттарға жетті. Оның айналасына ел ішіндегі небір майталман өнерпаздарды топтастырды. Солардың қатарында айтыс ақындары болғанын бөле-жара атауға болады. Бұрын ауыл-үйдің той-томалағында ғана көрніс беріп, театрдың төрінен орын тимей, қалыс қалған халық мұрасы қайта жаңғырып, айтыскерлердің ой-өрісі, қамтыған тақырыптарының ауаны кеңейіп, көркемдік шеберліктері арта түсті. Кәнігі, кәсіби айтыс ақындары қалыптасып, жетілді, Соның нәтижесінде баянөлгейлік айтыскер ақындар 1989 жылы елімізде өткен халықаралық ақындар айтысына қаймықпай келіп қатысып, Егеухан Мұхамәдиқызының Қатимолланың «Қарагерін» (домбырасын) жетектеп қайтуы көрген жанның көңілін толқытқан, әлі күнге дейін ел есінен кетпеген әсерлі сәттер болып тарихқа айналды.

К.Жаңжұңұлы қай уақытта да қазақтың қамын жеген қоғам қайраткері. Ұлт тағдыры сынға түскен күрделі шақтарда шегініп, шет қалмады. Оның осы батырлығын Моңғолия Жазушылар Одағының қазақ бөлiмшесiнiң меңгерушiсi болып тұрған кезінде жергілікті жердегі ана тілінің хал-ахуалын Моңғолия Жазушылар Одағының 8 съезiнде (Ұланбатыр, 1989 ж.) өткiр де батыл, қаймықпай қатты сынға алғандығынан көруге болады. Ол осы съезде сөйлеген сөзiнде «Ұлттық тiлiн жоғалтқан халық – халықтығын да жоғалтумен бiрге, ұлттық мәдениетi мен әдебиетiн, өнерiн жасай алмайтыны белгiлi. Тарихи дамысымыздың  бүгiнгi деңгейi тұрғысынан үңiлсек, дәуiр талабы мен өмiр шындығы алға қойып отырған, назар аударып, сөз бұйдаламай шешудi талап ететiн өткiр мәселелер де орын теуiп (орын алып) отырғанын жасыруға болмайды» дей келiп, жыл өткен сайын қазақ тiлiнiң оқытылу деңгейi, қоғамдық қатынастағы қолданылу аясы, рөлi мен беделi төмендеп бара жатқанын ашық жеткiзген. «Аралас ұлтты сұмындар мен өндiрiс, кәсiпорындарды былай қойғанда бiрыңғай қазақтар мекендейтiн сұмын, өндiрiс мекемелердiң өзiнде кеңсе қызметтерi, жиындар мен митингiлерлекция, әңгiмелер, үгiт, насихат жұмыстары, кездесу, кештiк секiлдi әр алуан шаралар қазақша жүрiлмейдi. Нендей бiр iс қағаздар, ұран үндеулер, насихаттық плакаттар мен таныстырулар, ұйым, мекеме, жер-су аттарынан тартып, жарнамаларға дейiн моңғол тiлiнде жазылатындықтан, қазақ тiлiнiң қолданылу шеңберi тым тарылуда. Тек ауыз екi сөйлеу тiлiнде ғана керектенiлiп, қоғамдық ресми қолданыстардан сырт қалғандықтан кереметтей шұбарлануға, бiртiндеп ұмытыла бастауға айналды. Ана тiлiнде хат танымайтын, оқи да, жаза да, дұрыс сөйлей де  алмайтын жастар молая түсуде» дедi. Мұның салдарын ол «бұл – ең әуелi, ана тiлдiң және жас ұрпақтың болашақ тағдырына көз жұмбайлықпен қарап, ұлттық психология мен сана-сезiм, ойлам ерекшелiгiн елемеген, аймақтағы және халыққа Бiлiм беру министрлiгiндегi кейбiр басшы жолдастардың сыңаржақ, терiс түсiнуiнен, жан-жақты ойластыра, ақылдаса отырып шешетiн күрделi мәселеге жеңiл-желпi атүстi қарап, өз бетiмен шешуiнiң зиянды нәтижесi» деп ашық та, шынайы, еш бұқпасыз айта алған. (Моңғолия жазушыларының ҮIII сьезiнде МЖО-ның аймақтық бөлiмшесiнiң меңгерушiсi Ж. Кәкейдiң сөйлеген сөзi //Шұғыла, Өлгий, 1989, № 1, 5–10 б.б.)… Бөгде жұрттың бүйірінде жүріп, мүлт кетсең іліп түсер мінбеден туған тілінің тағдыры  үшін тап осылай күрескен жан – Кәкей.

Осындай ұлтшыл, отаншыл, жеке басының емес, жеті жұрттың қамын жеген Жаңжұңұлы неге ата мекенге оралмады? Бұл сұрақты мен о кісіге 1992 жылы Дүние жүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы кезінде «Атакентте» бір киіз үйдің сыртында жиналған қалың топтың алдында «Қазақпын» атты өлеңін толқыныспен жатқа оқып тастап, автобусқа қарай бет алған жолда қойып үлгірдім. «Келемін. Елдің артын жиып келемін!» деді жұлып алғандай. Бірақ… Бірақ, келесі жылы не бары 46 жасында алыс сапарға аттанып кете барды…

Жібек жырдың жұлдызы,

Жұмақ жердің құлыны.

Абай, Ақыт, Ақтан – мый,

Жаңжұңұлы жұлыны!

Бақытбек Бәмішұлы,

ақын, филология ғылымдарының кандидаты