Википедия ашық энциклопедиясы мәліметіне қарағанда 2022 жылы әлемде шығу тегіне қарай 142 топқа бөлінетін 7151 тілде сөйлейтін ұлт, ұлыстар 197 мемлекетте өмір сүріп жатыр. Осы көп тілдің бірі, түркі тілдерінің ішіндегі ең шұрайлысы қазақ тілі 21-ғасырға сап алтындай сақталып, мол сөздік қорымен жетті. 300 жылдық отарлау, қаншама реткі қырғын, нәубетті басынан кешірсе де, атамекендегі қазақтар оны сақтап қалып, соның негізінде шетелдегі қазақтар бір-бірімен қарым-қатынас жасау құралы ретінде байытып отырды.
Соңғы уақытта Қазақстан және әлемнің әр тарабында тұратын қазақтардың ана тілі тағдыры туралы дабыл қағылса да, әзірге жойылу қаупі туындаған жоқ. Дегенмен алаңдаушылық қай-қай жақта да бар. Мысалы, шетелден Қазақстанға көшіп барған ағайындарымыздың арасынан әредік есіміне «-ов», «-ев» жалғауларын жалғап тіркеліп, сондағы ортаға бейіделу үшін балаларын орысша оқытып, тәрбиелеп жатқанын естіп жатамыз. Қытайдағы ахуал белгілі, Түркия мен Еуропа қазағының үлкендерден басқасы ана тілінде сөйлемейді. Бізде де орталықта мұндай үрдіс орын алып барады. Бұрыңғыдан ойлағанда қазіргі жастар ел астанасы мен басқа аймақтарға барып, тұрмыс-тіршілігін жақсарту үшін еңбек етуде. Тұрақтаған жерлерінде қазақ мектеп пен балабақша жоқ болған соң олардың балалары моңғол тілінде тіл ұстартып, ортасына сәйкес сол тілде сөйлейді. Бұл өте дұрыс. Бірақ мұның бір әттегенайы – сол бүлдіршіндердің көбісінің ана тілін білмейтіндігінде. Жастар оны жақсы үрдіс деп қабылдағанымен бір ұрпақ ауысқан соң ана тілін мүлдем ұмытып, аты-қазақ, заты басқаға айналады. Кез-келген ұлттың тілі жойылса, оның мәдениеті, салт-дәстүрі де жойылады. Бұған мысал шаш-етектен.
Ананың тілі ана арқылы балаға даритындықтан жас аналар осы тұрғыда ойланып, оны атадан балаға қалдыруға ат салысуы қажет. Тағы да іргеміздегі күнделікті ақпарат алып отырғын Қазақ Елінде осы аналардың ана тілінде сөйлемеуінен қазақ тіліне қауіп төніп, орыстанып бара жатырмыз деп жазып жатыр. Расында да, құрсақта жатқаннан басталып, дүние есігін ашқан соң бала әкесінен гөрі анасымен көп сөйлесетіні, тіпті дүниетанымы да сол арқылы қалыптасатыны анық дәлелденген ақиқат. Бұл өте нәзік мәселе әрі ол әрбір отбасына тікелей қатысты болғандықтан оған бөтен біреудің жол сілтеуі немесе ақыл айтуы қиын. Осы тұрғыдан да әрбір адам орта миына салып, мен бүгін кіммін, ертең кім болам дегенді бүгіннен бастап ойланып, отбасындағы қарым-қатынас құралы қай тіл, келешекте қандай тілде болады дегенді анықтап алғаны жөн. Басқа мәселеде қырық пышақ болсақ та, ана тіліміз, ұлттық салт-дәстүрімізді қорғауда бір уыс болуымыз керек.
Ал тіл тұрғысында осында өзіміз айтып, айтып қана қоймай, жүзеге асыратын істеріміз де баршылық. Қанша қанға қызып, жалған намысымызды жанығанымызбен ой –қыр демей, «дарга», «захиргаа», «засаг дарга», «зах», «дэлгүүр» деген сияқты айта берсе, шегіне жетпейтіндей сөздер күнделікті қолданысқа еніп кетті. Сенбесеңіз, әлеуметтік желіге, көшеде тілдесіп кетіп бара жатқан адамдарға, отбасыңыз мүшелеріне, мінбер мен телеарнадан ыңқылдап әрең сөз сөйлеп тұрған мемлекеттік қызметкерлерге қараңыз. Бәрі солай демесек де, басым көпшілігі солай.
Мемлекеттік тілді жетік игергеніміз – азаматтық парызымыз. Ал ана тілімізде еркін сөйлеу де адамдық борышымыз екенін ұмытпайық. Бұрын тіл мәйегі ауылда еді. Енді сол ауыл қазағының да тілі шұбарланып барады. Сондықтан ауыл, қала , дала деп бөлінбей, жаппай тіл тазалығына мән беріп, сол үшін әрекет етейік. Егер бүгін қимылдамасақ, ертең кеш болуы мүмкін. Жаһанданған әлем коронавирус індеті сияқты әлсіздерді жаулап, жайпап, жығып барады. Ондай дауылға төтеп беру үшін ұлттық иммунитетіміз мықты болуы керек.
Біздің елімізде заң бойынша ұлт азшылығы біздерге заңмен мол мүмкіндіктер беріліп, тіпті Конституцияда ана тілімізде білім алып, өзара қарым-қатынас жасап, мәдени, ғылыми іс-шаралар жүргізуімізге болатынын шегелеп жазып берген. Осыны біле тұрып, кейде өзімізді қор, төмен санап, тіліміз бен салт-дәстүрімізден жеруіміз де жастар арасында қарқын алып барады. Мұндай үрдіс түптің түбінде кімдердің түбіне жететінін айтпсақ та, түсініп отырған боларсыздар.
Халықтың тілі таза болуы үшін халық қалауынан шығып, қайта-қайта сайланғысы келетін парламенттен бастап, сұмындық деңгейдегі депутаттар, халыққа қызмет көрсететін мемлекеттік қызметкерлер, ақын, жазушы, тілшілер қауымы ел ішінде алдымен мемлекеттік тілде, одан соң ана тілімізде жетік әрі таза сөйлеуге талпынуы керек. Сонда ғана ел соларға ілесіп, қай тілде болса да, шұбарламай сөйлеуге тырысатын болады. Ал ана тіліміз еліміздегі азғана қазақ арасында сақталып қалсын десек, қарапайым азаматтар да әлеуметтік желіде мүмкіндігінше қазақ тілінде қатесіз жасуға тырысуы керек. Жалпы пәлсапалық қағида бойынша көптің азшылығы жазу мен сызуға нашар болатындықтан анда-санда болатын қателіктерге де түсіністікпен қарауымыз қажет.
Қазір адамдардың көбісі мінеп-сынағанға жақсы, ал нақты іске келгенде айтатындардың көбісі басын алып қашады. Былтырдан бері біз Моңғолияға еңбек сіңірген ұстаз Дөрбетхан Еркетайұлы марқұммен бірлесіп, Моңғолия қазақтарының тілі мен мәдениетін қолдау одағын құрдық. Осыған біршама зиялы қауым өкілдері ілесті. Бірақ жастар жағы солғындау. Тіл мен мәдениет ісі болғандықтан қоғамдық істерге жаппай ат салыссақ ғана бір жолға қойылады. Бұрыңғыдай үкіметке сүйенетін жағдай жоқ болғандықтан әрбір саналы азаматтар идеясы болса, біз бірлесеп әрекет етуге дайынбыз. Балаларға арнап іс-шаралар ұйымдастырып жатсақ та, жастарды бұл іске тарту қиынға соғып отыр. Мүмкін олардың мүддесі мен қызығуышылығын білмегендіктен болар. Сондықтан жастар да бізге ұсыныс жасаса, олармен қоян-қолтық жұмыстауға да әзірміз. Өз еңбегімізге ешқандай ақы-пұл сұрамаймыз. Бізге жерлестік, партиялық мүддеден үлкен мүдде үшін бірігу керек. Бұл істе әсіресе халық қалауылары әр сатылы Хурал депутаттары белсенді болса дейміз.
Ең бастысы, қазақ қазақша, моңғолша қазақ әуенімен сөйлегеннен арланбау әрі қорланбаған дұрыс. Сонда ғана ішкі түйсік түзеледі. Ішкі түйсік түзелсе, ұлттық иммунитет те өз қызметін атқарады. Бізді моңғол ағайындар моңғол шапан, моңғол салт-дәстүрін ұстануымызбен емес, қыран құсымызбен, ұлттық киім, ұлттық салт-дәстүрімізбен танитынын әрі құрметтейтінін ұмытпайық.
Журналист Сәбет Насырұлы